Биыл елде 40 мыңға жуық оқыс оқиға тіркеліп , 6 мыңнан аса адам құтқарылды.
Төтенше жағдайлар қызметі салаға заманауи технологиялар енгізіп, дрондар арқылы онлайн бейнебақылау жүргізіп жатыр. Оған қоса цифрлық сервистерді интеграциялау жүйесі іске қосылды. Нәтижесінде өлім-жітім 10 пайызға азайған. Ал жарақат алғандар саны 8 пайызға төмендеді.
Салада қандай өзгерістер бар? Заманауи технологиялар төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік беріп жатыр ма?
Бекзат Аманов, тілші:
- Құтқарушылар қалада да, далада да белсенді. Оны әлеуметтік желіден жиі байқаймыз. Жыл басында қар құрсауындағы жолаушыларды құтқарумен айналысқан мамандар, көктемде су тасқынының алдын алды. Биылдың өзінде әуе күштерінің көмегімен 400-ге жуық адамды құтқарып қалған. Ал қазір өрт шығу қауіпі артып тұр. Бұл бағытта да мамандардың дайындығы тыңғылықты. Жалпы өзіңіз айтқандай өлім-жітім мен жарақат алғандар саны біршама азайды. Сондай-ақ оқыс оқиғалар да бұрыңғыға қарағанда сирей бастады. Бұған сол саладағы заманауи технологиялар мүмкіндік беріп отыр. Яғни қазір төтенше жағдайдың салдарымен емес, себебімен күресу күшейді деуге болады. Нақты өзгерістерді атамас бұрын биылғы 5 айдың көрсеткішін айта кетейік.
Құтқарушылар жыл басынан бері түрлі қатерге тап болған 6 мыңнан аса адамның жанын аман алып қалды. Оған қоса 7 мыңнан аса адам эвакуацияланды. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгендер саны 2 мыңға жуықтайды. Ал жалпы мамандарға 40 мыңға жуық дабыл түскен.
Құтқарылды — 6 322 адам
Эвакуацияланды — 7 349 адам
Алғашқы медициналық көмек көрсетілді — 1 638
Дабыл түсті — 37 806
Ал қазір өрт шығу қауіпі жоғары кезең басталды. Күн ысығалы елде 140 орман өрті, 8 дала өрті және мыңнан аса дала жануы тіркелді. Мамандардың айтуынша, бұл құрғақ өсімдіктерді рұқсатсыз жағу және қоршаған ортаға бейжай қараудың кесірі. 6 мыңнан астам рейдтер жүргізіліп, 3 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Орман өрті — 140
Дала өрті — 8
Дала жануы — 1 113
Ал өртке қарсы бақылау-профилактикалық қызмет аясында 9 мыңға жуық тексеру жүргізілді. Бірақ алапат өрт тіркелмеді деуге болады. Мамандар тұтанған тілсіз жауды жылдам оқшаулауда. Бұған әсер еткен бірнеше фактор бар. Алғашқысы — заманауи технологиялар. Қазір Қазақстан аспанын 165 ұшқышсыз ұшу аппараты барлайды. Техникалар мен құтқарушылардың жабдықтары да біршамаға жаңартылған. Оған қоса былтыр ел аумағында 14 жаңа өрт сөндіру депосы ашылған. Құтқарушылардың жаңа арнайы киім үлгісі бекітілген, әуе кемелері сатып алынған және елді мекендердегі қауіпсіздікті күшейту мақсатында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы іске қосылды. Оқыс оқиға туса, қатерге кеудесін тосатын осы құтқарушылар, сол үшін олардың әлеуметтік жағдайын да назардан тыс қалдырмау керек. Министрлік бұл бағытта да белсенді жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Алысқа ұзамай, кеше ғана Ақтөбеде болған шараны еске алуға болады. Ведомства басшысы 10 маманға қызметтік пәтердің кілтін табыстап, жаңа техникалар берген еді. Оның ішінде заманауи өрт сөндіру автоцистерналары, жол талғамайтын көліктер және мамандандырылған инженерлік автомобильдер бар. Сол шарада министр Шыңғыс Әрінов мұндай қолдау шаралары жалғаса беретінін жекізген еді.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Құтқарушылардың артында амандығын тілеп отыратын отбасы бар екенін біз ұмытқан емеспіз. Сондықтан әр қызметкеріміздің алаңсыз жұмыс істеуіміз үшін жағдай жасау біздің басты міндетіміз. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасып табады. Себебі ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген әрбір маман лайықты тұрмысқа, құрметке және қамқорлыққа ие болуы тиіс.
Міне осылайша тілсіз жауға тойтарыс күшейді. Оқыс оқиға ортасында жүрген тегеурінді батырларға теңдесіз технологиялар көмекке келді. Ең бастысы, бұл бағыттағы жұмыс жалғаса бермек. Демек, қайғылы оқиғалардың қатары да сирей түседі деп үміттенеміз. Айтпақшы, жоғарыда айтқандай қазір өрт қаупі өршіп тұр. Сол үшін құтқарушылар ормандарда және ашық жерлерде от жақпауға шақырады. Оған қоса жанып тұрған сіріңкелер мен сөндірілмеген темекі тұқылдарын тастамау да маңызды. Шыны ыдыстар да оттың тұтануына себеп болуы мүмкін.