Current Date: 11-09-2025

Астанада баспана саудасы рекордтық көрсеткішке жетті

Бұл – Астанада 2019 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіш.

Тұрғын үй нарығындағы белсенділік астанаға шоғырланды, деп жазады inbusiness.kz сайты DataHub сарапшыларына сілтеме жасан.

Тамыз айында елордада 9 457 сатып алу-сату мәмілесі тіркелді. Бұл – Қазақстан бойынша барлық келісімдердің 23%-ы.

Астанадағы мәмілелердің айлық өсімі 10%-ды, жылдық өсімі 15%-ды құрады.

Қазақстан бойынша жалпы мәміле саны 41,4 мың болды. Бірақ бұл жерде өсім әлдеқайда төмен – шілдемен салыстырғанда +4%, бір жыл ішінде бар болғаны +1%.

Астанадағы сауданың негізгі бөлігі көпқабатты үйлерге тиесілі. Әсіресе, бір бөлмелі және екі бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары. Тамызда жасалған әр 10 мәміленің 8-і осындай пәтерлерге қатысты. Ел бойынша бұл үлес төменірек – 10 мәміленің 6-ы ғана бір және екі бөлмелі пәтерге тиесілі.