Иранда 60%-ға дейін байытылған уран бар.
МАГАТЭ Иранды ресми түрде ядролық қаруы жоқ, бірақ осындай жоғары деңгейде уран байытып жатқан жалғыз мемлекет деп есептейді. Әрі уран қорының деңгейін,, әлемдік қауымдастық энергия қажеттіліктері үшін шектен тыс көп деп санайды. Біріккен Ұлттар ұйымының қауіпсіздік кеңесіне мүше кейбір елдер, Еуроодақ мүшелері Иранның ядролық қуатты тек бейбіт мақсатқа пайдаланғысы келетініне сенбейді. Ядролық отынды бейбіт мақсатта қолдануға барлық ел құқылы. Алайда ол барынша ашық және Атом энергиясы халықаралық агенттігінің бақылауымен жүргізілуге тиіс. Ал бұл шарттардың шеңберінен Иран шығып кетуі бек мүмкін деген қауіп бар. Иран өз кезегінде ядролық отынды қару жасауға емес, тек бейбіт мақсатта пайдаланамыз дегенді жылдар бойы жалықпай айтып келеді.
Ганс Кристенсен, Америка ғалымдары федерациясының ядролық ақпарат бойынша жоба директоры:
- Иран билігі ядролық қару жасауға шешім қабылдайтын болса, бұл осы елдегі ғалымдар мен инженерлер оның дамуын жеделдетудің жолдарын зерттей бастағанын білдіреді. Иран мен АҚШ-тың келісімі бұзылғаннан кейін ирандықтар өз қорларын арттырып, байытылған уран үлесін едәуір көбейтті.
Әлемдік ядролық күштер
Қазір әлем бойынша 9 мемлекетте ядролық қару бар. Оның бесеуі — ресми.
1970 жылы күшіне енген Ядролық қаруды таратпау туралы шарт бойынша тек АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Қытайға ядролық держава деген мәртебе берілді. Ресейде 4 мыңнан астам, АҚШ-та, 3 мың 700, Қытайда 600, Францияда 290, Ұлыбританияда 225 ядролық қару бар. Ал қалған мемлекеттер ядролық қару жасаудан бас тартуға міндеттелді. Аталған шартқа, 191 ел қатысады. Оның 186-сында ядролық қаруы жоқ. Үндістан, Пәкістан және Израиль бұл шартқа қосылмады. Ал Солтүстік Корея одан шыққанын жариялады. Бірақ бұл шешім Халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалған жоқ.
РЕСЕЙ — 4309 бірлік
АҚШ — 3700 бірлік
ҚЫТАЙ — 600 бірлік
ФРАНЦИЯ — 290 бірлік
ҰЛЫБРИТАНИЯ — 225 бірлік
ҮНДІСТАН — 180 бірлік
ПӘКІСТАН — 170 бірлік
ИЗРАИЛЬ — 90 бірлік
СОЛТҮСТІК КОРЕЯ — 50 бірлік
Дереккөз: SIPRI Стокгольм бейбітшілікті зерттеу институты
Фархан Хак, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары
Бүгінде ядролық қақтығыс қаупі артып келеді. Өзара сенім әлсіреп, геосаяси текетірістер күшейіп кетті. Хиросима мен Нагасакиді жойған дәл сол қару қазір тағы да қысым жасау құралына айналып отыр.
Ядролық жарылыс деңгейін көрсететін ақырзаман сағаты бір секундқа алға жылжыды. New York Post баслымының жазуына қарағанда, биыл сағат тілі "ядролық түн жарымына" дейін небәрі 89 секунд қалғанын көрсетіп тұр. Бұл жаңалық Қауіпсіздік кеңесі және құрамына тоғыз Нобель сыйлығының лауреаты кірген Ұйымның демеушілер кеңесімен талқыланып, жарияланды. Былтыр түн жарымына дейін 90 секунд қалғанын көрсеткен еді. Уақытты анықтау кезінде ғаламдық қауіп-қатер ескерілген. Соның ішінде ядролық қару мен жасанды интеллект те бар. Бұдан бөлек, Ресей мен Украина арасындағы, Израиль мен Хамас, Израиль мен Хезболла арасындағы соғыс, биологиялық қатер мен климат дағдарысы да есепке алынған.
"Атом ғалымдарының бюллетені" ((The Bulletin of the Atomic Scientists)) 1945 жылы Альберт Эйнштейн мен Роберт Оппенгеймер сынды ғалымдардың бастамасымен құрылған. Содан бері уақыт 23 рет өзгерген. Сағаттағы түнгі жарты Жер бетіндегі жаһандық жойылуды білдіреді. Бұл сағат болашақты болжай алмаса да әлемдегі қазіргі ахуалды шынайы түрде көрсетіп, адамзатқа ядролық қауіп пен жаппай қырып-жоятын қарудан ада болашақтың арасындағы таңдауды әлі де жасау қажеттігін еске салады.