Қалауын тапса, қоқыс та кәдеге жарайды. Мексикада бір топ маман пластик қалдықтардан отын өндірудің тың жолын тапты, деп хабарлайды 24kz.
Осылайша, стартап өкілдерінің айтуынша, мұндағы мақсат – адамға да, табиғатқа да пайда тигізу.
Пластик қалдықтар енді күрделі мәселе емес, баға жетпес байлыққа айналуы мүмкін. Жуырда мексикалық мамандар тұрмыстық қоқысты ыдырату арқылы отын өндірудің тың тәсілін тапты. «Қаржысы мен қарымын қара алтынның қамымен қамдап жүрген елдер үшін бұл жаңа жолға ауысудың жаңа мүмкіндігі», — дейді олар. Себебі отын өндіру өз алдына, ол қоғамға да, қоршаған ортаға да зиянсыз екен.
Карлос Паррагирре Диас, Petgas компаниясының қызметкері:
- Біздің құрылғы пластик қалдықтардан отын өндіреді. Әлемдік экономика үшін оның маңызы өте зор. Өнімнің тиімділігі де жоғары. Экологиялық тұрғыдан таза. Дәстүрлі отын түрлерімен салыстырғанда қоршаған ортаға зияны жоқ.
Компания өкілдері қазірдің өзінде қалдықтарды кәдеге жаратып, өнім өндіріп отыр. 1,5 тонна пластиктен 1350 литр отын шығады. Кейін арзан бағамен өрт сөндіру бөлімшелеріне жеткізіледі. Жобаның игілігін жергілікті курьерлер де көріп отыр екен.
Виктор Мануэль Гутерриш, тамақ жеткізу қызметінің курьері:
- Жоба өте керемет деп есептеймін. Сол арқылы табиғатты қорғауға болады. Қаламызды да қоқыстан тазартуға септігін тигізеді. Себебі пластик қалдықтардың кесірінен өзен-көлдер ластанып, арықтар мен кәріз желілері бітеліп жатыр.
Мексикалық стартап өкілдері отын өндірісіне қажетті қалдықтарды қазір жағажай мен қоғамдық орындардан теріп алып жүр. Сондай-ақ көшедегі қоқыс тастау жәшіктерінен жинайды. Жобаның өміршеңдігін түсінген жергілікті билік те бұл бастамаға барынша қолдау көрсетіп, аталған отын өндірісін оңтайлы жолға қоюды қолға алған.