Current Date: 01-07-2025

БАӘ шаруалары таңқурай мен құлпынай өсіре бастады

Араб әмірліктері шөл далада егін салып, шаруашылықтың сан түрін игере бастады, деп хабарлайды 24kz.

Тіпті дәстүрлі құрма және пальма балынан бөлек, таңқурай мен құлпынай өсіруді қолға алған.

Жылына бірнеше рет өнім беретін жылыжайлар салып, алғашқы жиын-теріміне кіріскен.

Рауан Мыңбай, тілші:

- Әмірліктерде құрма ағашының 20-дан астам түрі өседі. Араб жеріне бейімделген бірден бір өсімдік деп осыны айтуға болады. Ол жыл сайын миллиондаған тонна жеміс береді. Алайда жергілікті жұрт тек сол киелі ағаштың өнімін күтіп, қол қусырып отырған жоқ. Шөл далада бұрын-соңды өспеген жеміс пен жидекке көшіп, тың жерлерге түрен сала бастады.

Бұл – Әл Айн қаласының дәстүрлі агро көрмесі. Елдің орталығында орналасқан шаһар фермерлік қожалықтарымен әйгілі. Мұнда зәулім ғимарат не жыл 12 ай адам аяғы арылмайтын туристік нысан жоқ. Есесіне, көкөніс пен жеміс-жидек баптайтын жылыжайлар бар. Солардың бірінде биыл алғаш рет таңқурай мен құлпынай егілді.

Юсеф Элоджейми, жылыжай басқарушысы:

- Жидектің барлық түріне гидропоника әдісін қолданамыз. Яғни, ол арнайы дайындалған, қоректік заттарға бай жасанды ортада өседі. Суды ұзақ уақыт ұстап тұру мен дренажды жақсарту үшін коко қабығы мен перлит қосылады. Тыңайтқыштар тағы бар. Жылыжай ішіне сыртқы климат еш әсер етпейді. Көптеген жыл тұрақты өнім алатын әлеуетке қол жеткізіп отырмыз.

Әзірге әр гектардан 15 тоннадан астам өнім жиналып жатыр. Мамандар озық технологияны қолдануға айтарлықтай көп қаражат салмаған. Себебі жылыжайларды басқарушы компания мемлекеттен тиісті көмек алып отыр. Импорттық жабдық және басқа да керек-жарақты тасымалдау жағынан еш қиындық көрмеген. Нәтижесінде кей өнім тиімді бағада экспортқа шығарыла бастады.

Юсеф Элоджейми, жылыжай басқарушысы:

- Мынау жаңа ғана жылыжайдан әкелінген өнім. Көкжидекті Қазақстан мен Өзбекстанға жөнелтіп келеміз. Таяу арада Жапонияға бастаймыз. Жалпы Азияның барлық мемлекетіне кең ауқымды экспортты қолға алғымыз келеді.

Дегенмен, бұл елді жеміс-жидекпен толықтай қамтуға жеткіліксіз. Нарықта импорттың үлесі басым. Бұған бір есептен араб түбегіндегі тұщы су тапшылығы себеп. Ал тіршілік нәрі жетпесе, агроөнім өндірісін ұлғайту қиын. Мәселеге ғылыми мекемелер араласып, жоқтан бар жасауға талпынып жатыр.

Айша Әлнуайми, БАӘ Қоршаған орта және климаттық өзгеріс министрлігінің ұлттық зертхана қызметкері:

- Біздің орталық өсімдікке әртүрлі деңгейде әсер ететін заттарды зерттейді. Оның ішінде жәндіктер де бар. Дәл бүгін дөңгелек құрттарды ажыратып, агро ортаға қайсысы оң, қайсысы кері ықпал ету мүмкін екенін анықтап жатырмыз. Жұмыс осындай тәртіппен кешенді түрде жүргізіледі.

Әмірліктер дәстүрлі ауыл шаруашылығына келгенде құрма және пальма балы өндірісінен алыстаған емес. Бұл елдің негізгі бренді саналады. Соған қарамастан, мұндағы жұрт қиын климаттық жағдайда жемістің өзге де түрлерін өсіруге бейімделіп келеді.

Авторы: Рауан Мыңбай