Current Date: 17-03-2025

Суицид «эстетикасы» немесе шығармашылық адамдардың жасырын үгіті

Өнер – өмірдің көркемдік кеңістіктегі көшірмесі. Ал шығармашылық адамдардың қадым заманғы қасіреті – шынайы өмірді өнермен шатастырып алу. Мәселен, Анна Каренинаның пойыздың астына түсіп өлуі оқырман жанын астан-кестен қылады. Бірақ сонысымен ол сіз бен бізге эстетикалық ләззат сыйлап отыр. Міне, мұнда шығарманың көркемдік деңгейін көтеріп тұрған осы – Аннаның ажалы. Сол секілді кейбір ақын-жазушылар оқырмандарын туындысымен ғана емес, өмірімен де таңғалдырғысы келеді. Яғни оның өмірі қандай сұлу болса, өлімі де сондай ерекше болу керек. Осы себепті көптеген қаламгер өз-өзіне қол жұмсап, өмірін көркем шығармадағыдай ең қызықты шағында үзіп кете берді.

Кез-келген туындыгерде мәңгілікке ұмтылу, яғни жердегі тіршілігін өлімнен кейін де жалғастыруға деген тілегі болады. Бір қарасаң бар үміт жақсы шығарма жазуда болып көрінгенімен, кей қаламгердің жеке тұлғалық ерекшеліктері мұнымен шектелуге мүмкіндік бермейді. Олар өлімінің мифтік сипат алуынан дәме етіп, өмірінен шедевр жасағысы келеді. Ал біздің білетініміздей, өнер құрбандықты талап етеді. Мәселе мінсіз туындыны жасауға тірелсе, тіпті өлімге дейін барады. Ал егер кітап «Генийдің өмір жолы» деп аталатын болса, бұл туралы ойланудың өзі қажет емес.

«Бір сәтің ғасырдың жүгіндей болып, өмірден әсерлі кету керек». «Көрерменің есінеп-құсынып, қол-аяғын ербеңдетіп, спектакльден шығып кетуге тыпыршып тұрғанда сахнада тұрып қалудан жаман нәрсе жоқ». «Атаққа жетемін деген адам уақытында қоштасып үйренуі керек». «Дер кезінде өле біл, солай дейді Заратустра». Неміс философы Фридрих Ницше мен оның мектебінің шәкірттерінде осы тақылеттес ойлар көп.

Осылайша біраз жазушы өздерінің әдемі автобиографиясын жасауға тырысты. Әрине бәрінің де қолынан ол дүние келе қойған жоқ. Бірақ әлем әдебиетінің тарихында шығармашылық мұрамен қатар романтизацияланған өмірбаяндары негізінде халықтың есінде қалған қаламгерлердің бүтін бір пантеоны қалыптасты.

Қолына енді қалам ұстаған адам үшін бұлардың «ерліктері» ғажайып үлгі болып көрінуі мүмкін. Сөзіміз дәлелді болсын. Қазіргі қазақ поэзиясының белгілі өкілі Ақберен Елгезек отандық арналардың біріне сұхбат беріп отырып, тұп-тура отыз жасында Есениннің тағдырын қайталап, Алматының қымбат қонақүйлерінің бірінде асылып өлмекші болғанын ашық айтты.

«Қаза қаупін төндіретін барлық нәрсе, ажалдының жүрегіне түсініп болмайтын ләззат сыйлайды» деген А. Пушкиннің өлеңіндегідей, рухани кемелденбеген қаламгерлердің азаптанудан рахат тапқысы келетін құштарлығының бары рас. Мұны айта бастағанда Мәулана Румидің мына бір тәмсілі ойымызға оралады. Бір күні кішкентай күшік жарқырап жатқан алмас пышақты көріп қалады. Мұның не нәрсе екенін білмейтін ақымақ күшік, әдетінше тілін сылп еткізіп, пышақты жалап алады. Көзін ашып қараса пышақтың жүзінде қан тұр. Таныс иіс, білетін дәм. Мынау кәдімгі ет секілді дәмді тағам екен ғой деп мисыз күшік оны одан бетер жалай береді. Онда да құшырланып, рахаттанып жалайды пышақты. Ақыр түбі өз қанын өзі жалап жатқанын білмеген байғұс күшік сол күйі өліп тынады.

Сайып келгенде өмірді мерзімнен бұрын аяқтау – сау ақылдың жемісі емес. Отыз жасында қиылып кетуге шақ тұрған Ақберенді періштесі қақпағанда, қазіргі қырық бес жасындағы шығармашылық танымалдылығына жетпес еді. Қазір оның кітабы елдің бүкіл кітап дүкендерінде сатылып, оның желісімен түсірілген фильм жоғарғы кассаны жинап отыр. Мұнда айтқымыз келгені А. Елгезектің шығармашылығы емес, оның отыз жасында ойына орнап көрмеген бүгінгі жасындағы бақ-абыройы, құдайдың берген сыйы.

Иә, алда не күтіп тұрғаны ешкімге белгісіз. Алайда қазақ «үмітсіз – шайтан» дейді. Түгелімен түңілу – асылық іс.

Қандай сынақ келсе де құламай, қарсы тұру – нағыз ерліктің көрінісі. Ал табыт қағып ажал шақыру, өмірді сонымен «сұлуландырып», халықтың жадында мәңгілік қаламын деп ойлау – барып тұрған ақымақтық. Бұл әлем әдебиетінде жиі айтылатын көріністердің бірі – әзәзілге жанын сатып, бірақ ешқандай пайдасыз, алданған күйі өкініште қалатын адамның әрекеті...