Current Date: 20-03-2025

Қазақстан соғыс кезінде бейбіт тұрғындарды қорғауға әзірленіп жатыр

ТЖМ дайындық жұмыстарының қалай жүріп жатқанын хабарлады .

Мәжіліс депутаттарына Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов мәлім еткендей, алдын ала дайындық аясында да, сондай-ақ әскери қақтығыстар туындаған кезде де азаматтық қорғаныс іс-шаралары жүзеге асырылады.

"Бұл әскери қақтығыстар туындаған кезде халықты, объектілер мен аумақты қорғау, залал мен шығындарды азайту үшін жүргізіледі. Азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылымы немесе "АҚ ҚҚ" қазіргі заманғы әскери жою құралдарының зақымдайтын және бұзатын факторларының әсерінен қорғануға арналған. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар үшін АҚ ҚҚ қолданылмайды", – деді Шыңғыс Сайранұлы.

Бұл тақырып таяуда қайтадан өзекті болды. Өйткені бір топ Мәжіліс депутаты ел Үкіметіне жүгініп, мысалы, зымыран шабуылы бола қалған жағдайда қала тұрғындарының қашып тығылып, бас сауғалайтын бомбапаналар да табылмайтынын, қатарда барының мекенжайын және қандай жағдайда екенін ешкім білмейтінін мәселе етіп көтерді.

ТЖМ басшысы әскери жанжалдар туындаған кезде бейбіт тұрғындарға келер залал мен шығынды азайтуға арналған қорғаныш құрылымдарын салуды және оларды жұмыс істеуге әзірлікте ұстауды орталық және жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдар жүзеге асыратынын айтты.

Ал, ТЖМ мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Соның нәтижесі бойынша тексеру субъектісіне бұзушылықтарды жоюға нұсқама береді.

Шыңғыс Әрінов соңғы 5 жылда 70 "АҚ ҚҚ" қайта құрылғанын және дайындыққа келтірілгенін хабарлады.

Оның айтуынша, 2020 жылы АҚ ҚҚ-ның болуы және дайындығы мәселелері бойынша 39 тексеру жүргізілді. Қорытындысында, 3-еуі қайта салынған. 15-і дайындыққа келтірілді.

2021 жылы тағы 81 тексеру жүргізілді: 8-і қайта құрылды, 35-і дайындыққа келтірілді. 2022 жылы 65 тексеру жүргізілді, 6-ауы қалпына келтірілді. 2023 жылы 42 тексеру ғана жүргізілген. 2-еуі құрылды. 2024 жылы 45 тексеру жүргізілді, 1 қорғаныш құрылымы ғана салынды.

Депутаттардың айтқаны шын болып шықты. Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, 2024 жылғы түгендеу қорытындысында соғыс жағдайында азаматтар қорғанатын қорғаныш құрылым-нысандары қорының 70%-дан астамы (!) жеке меншіктің қолында екені әшкереленді.

Демек, бетін аулақ қылсын, әлдеқалай әуеден авиабомбалар мен зымырандар жауса, ол нысандар жабық тұруы немесе оның иесі қашқан халықты кіргізбей қоюы қаупі бар. Сонда небәрі 30%-ға жуығы мемлекеттік меншікте болып шыққан.

Министр елімізде жалпы саны қанша АҚ ҚҚ барын және олардың мекенжайларын айта алмайтынын, бұл "таратылуы шектеулі" ақпаратқа жататынын жеткізді. Дегенмен, оның айтуынша, бүгінде 16 АҚ ҚҚ иесіз жатыр. Бұл қайта азайғандағысы: 2023 жылы – 36, 2022 жылы – 80 қорғаныш құрылысы иесіз болыпты.

Жалпы, бомбапана және басқа да қорғаныш құрылымдарының жаңадан салынуы сирек оқиға екені әлгінде анықталды. Сонымен бірге ТЖМ дерегінше, қолда барының бір бөлігі істен шығуда екен.

"2014 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта қоршау және тірек құрылыс конструкцияларының қорғаныш қасиеттерін жоғалтуы кесірінен соғыс уақытында жұмысқа жарамайтын 171 АҚ ҚҚ ұйымы есептен шығарылып тасталды", – делінген Мәжіліс жариялаған министрдің хатында.

Министрдің түсіндіруінше, АҚ ҚҚ-лардың дайындық мәселелері ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің, Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның және төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық, қалалық комиссиялардың отырыстарында үнемі қаралады, сол арқылы тұрақты бақылауда болады.

Бірақ бұл салада қуантарлық жаңашылдықтар да бар көрінеді. Шыңғыс Әрінов 2023 жылы халықаралық тәжірибе негізінде, ғылыми жоба аясында каркастық-модульдік типтегі жылжымалы-мобильді қорғаныш құрылымының прототипі жасалғанын мәлім етті.

"Ол ішіндегі адамдарды қарапайым әскери жою құралдарынан, құрылыс конструкцияларының сынықтарынан, радиациядан, химиялық уланудан және жылу әсерінен қорғауға қабілетті. Әзірленген техникалық тапсырма оларды қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне кіретін зауыттардың қолданыстағы кәсіпорындарында дайындауға және оны әртүрлі көлік түрлерімен тасымалдап жеткізуге мүмкіндік береді. Прототипте отандық сүзу-фильтрация жабдығы қолданылады", – деді ТЖМ басшысы.

Жергілікті әкімдіктер енді мобилизациялық тапсырыс аясында жергілікті тұрғындарды соғыс жағдайында аман сақтап қалу үшін осындай шағын бункерлерге тапсырыс бере алады.

Министр тағы бір жаңалығын бөлісті. Заңнамаға өзгеріс енгізу арқасында бұдан былай өзге ғимаратқа кіріктірілген және жеке тұрған азаматтық қорғаныстың барлық қорғаныш құрылымдары (АҚ ҚҚ) "жеке жылжымайтын мүлік объектісі" ретінде танылады.

Оларға дербес кадастрлық нөмір беріледі. Бұл түзетулер АҚ ҚҚ-ның қажетті қорын сақтауға және оларды иеліктен шығаруға, жекешелендіруге жол бермеуге бағытталған.

Төтенше жағдайлар министрлігі әуе шабуылы бола қалған жағдайда қазақстандықтар жақын бомбапана таба алмаса, қайда жасырына алатынын түсіндірді. Өйткені елімізде алып бомбапанаға айнала алатын метро тек Алматыда ғана бар.

"Халықтың паналауына тоқталсақ, қазіргі заманғы әскери жою-зақымдау құралдарының зақымдаушы факторларынан қорғану үшін халық қарапайым қалқаларда, мысалы, жертөлелерде, ғимараттың төменгі үй-жайларында (цокольные помещения здания), жерасты паркингтерінде, сауда үйлерінің паркингтерінде, жеке тұрған көмілген (заглубленные) құрылыстарда, бар болса метрополитенде, жерасты өткелдерінде бас сауғалай алады. Қазіргі заманғы әскери қарулар қолданылған кезде, адам неғұрлым төменірек қабатта болса, аман қалу мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болады", – деді Шыңғыс Әрінов.

Себебі, физика заңдылығына сәйкес, жер бетінен жоғары тұрған кез келген нәрсе соққы толқынының астында қалады.

Министрдің айтуынша, өзіңізді және айналаңыздағы адамдарды қазіргі заманғы зақымдау факторларынан, фрагменттер мен соққы толқындарынан қорғау үшін төменгі, жерасты қабаттарға немесе ғимараттар мен құрылыстардың жақын орналасқан басқа терең бөлмелеріне түсу ұсынылады.

ТЖМ-нің мәліметінше, бүгінде Қазақстан бойынша шамамен 15 миллион адамды сидыра алатын 14,5 мың қарапайым жасырын паналар бар.

Министр Әріновтің тағы бір бастамасы: ТЖМ-ның ұсынысы бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, 2024 жылы ғимараттардың элементтерін – жертөлелер, қосалқы үй-жайлар және жерасты паркингтері түріндегі жерасты кеңістігін қарапайым бомбапана ретінде пайдалану мүмкіндігі құрылыс нормаларына енгізіліпті.

2024 жылғы 22 қазанда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің №134-НҚ бұйрығымен Құрылыс нормалары бекітілді. Оған "2.04-15-2024 "Ең қарапайым жасырын пана" деген норма енгізілді.

Ол норматив соғыс жағдайы (СЖ) кезеңінде немесе соғыс уақытында халықты қорғауға арналған қарапайым пана қызметін атқаратын үй-жайларға қойылатын міндетті талаптарды қалыптастырады.

ТЖМ-нің түсіндіруінше, бұл нормативтің талаптары қарапайым паналарға айналатын және адамдардың үлкен легін қабылдайтын ғимараттардың 16 түріне қолданылады. Бұл талаптар жаңадан жобаланатын және салынатын объектілерде ескерілетін болады.

Төтенше жағдайлар министрлігі әуе шабуылы және бомбалау кезінде жұртшылыққа қарапайым пана бола алатын нысандардың тізімін ұсынды. Бұларға: 5-тен көп қабатты тұрғын үйлер, 25-тен көп адамды сидыра алатын қонақ үйлер, интернаттық ұйымдар, 25-тен көп адамға орын табылатын балабақшалар, мектептер, ауруханалар, емханалар және басқа да білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарының ғимараттары, әкімшілік ғимараттар (сыйымдылығы 50 адамнан көп болса), көпфункционалды ғимараттар мен кешендер, сыйымдылығы 100 адамнан көп мәдени, ойын-сауық және сауда мекемелерінің ғимараттары, 100 адам сиятын мейрамханалар мен дәмханалар, тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындары, спорт сарайлары, автовокзалдар, теміржол вокзалдары, әуежайлар, сондай-ақ мешіт, шіркеу, синагога сияқты ғибадат үйлері кіреді.

"Сақтансаң сақтаймын" деген. Қазақстанның әр жағдайға дайын отырғаны мемлекет үшін өмірлік маңызды.