Сарапшылар экономиканың базалық секторы жермен-жексен болса, елге қауіп төнетінін ескертті.
Ресейлік құрылыс бизнесі дағдарыс құрдымына құлап барады. Тіпті құрылыс алпауыттарының өзі жаңа жобаларды іске қосуды кейінге қалдыра бастады.
Сонымен бірге әлеужелі, рунет жергілікті тұрғындардың қандай да бір тұрғын үй нысанында құрылыстың тоқтап қалғаны туралы мазасыз бейнежазбаларына толды. Жұртшылық тіпті 90-шы жылдардағы тоқырау кезінде де құрылыс алаңдарында қыбыр-қыбыр тірлік жүргенін еске салады.
"Дом.рф" жаңа есебінде көрсетілгендей, бұл күйзеліске халықтың баспана сатып алуды азайтуы, нарықта сұраныстың құлдырауы, ипотека құнының артуы, құрылыс материалдарының жетіспеушілігі, РФ экономикасы үшін қаржылық тәуекелдердің артуы, халықаралық санкциялар және басқа факторлар ықпал еткен.
2025 жылдың мамыр айының қорытындысында солтүстік көршіде жаңа баспаналардың іске қосылу көлемі 2,7 миллион шаршы метрге дейін күрт кеміп кетті. Осылайша, сәуір айынан бері 37%-ға құлаған.
Салыстырғанда, былтырғы бір жыл ішінде салада 28%-дық құлдырау тіркелген еді. Сала көрсеткіші соңғы бес жылдағы ең төмен межеге құлдилаған. Яғни, даму орнына кері кетті.
Тағы бір салыстыру келтірсек: халқының саны жөнінен Ресейден 7 еседен астамға аз Қазақстанда бір айда 1,2 миллион шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Басқаша айтқанда, көршінің бұл саласы осы қарқынмен күйрей берсе, біраздан соң Қазақстан оны басып озып, масқарасын шығаруы да мүмкін.
Биылғы бірінші жартыжылдықта ресейлік құрылыс компаниялары небары 15 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға бере алады деп болжануда.
Тағы да салыстыратын болсақ, ҚР Құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанда шамамен 19,2 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 176 мың пәтер ел игілігіне тапсырылады. Демек, солтүстік көрші әрі кетсе, енді бізден екі еседей ғана аса алатын дәрежеде.
Әйтсе де, "Дом.рф" сарапшыларының сценарийі одан да пессимистік: жыл қорытындысында Ресейде пайдалануға берілген шаршы метрлердің көлемі 30 миллион шаршы метрден аспайды. Онда бізден асуы – "екі есе" емес, одан әлдеқайда төмен.
Аталған есепте РФ-та жаңадан эксплуатациялауға енгізілген баспана көлемінің кейінгі жылдары үнемі азайып келе жатқаны атап өтіледі. Мысалы, 2024 бері бұл көрсеткіш бестен бірге, 20%-ға кеміген.
Құлдыраудың биыл бірден 53 өңірде тіркелгені хабарланды. Соның ішінде бұрын көшбасшы болып және баспананы ірі көлемде іске қосып жүрген 10 өңірдің жетеуін дағдарыс жайлады. Соның ішінде ірі құлдырау:
- Ростов облысында: -59%;
- Мәскеу қаласында: -42%;
- Краснодар өлкесінде: -38% тіркелді.
Росстат жыл басынан бері салада іске қосылған баспананың жалпы көлемі керісінше, 4% өскенін хабарлады. Алайда сарапшылардың түсіндіруінше, бұған бұрыннан тұрып қалған, "сақалды" құрылысқа айналған кейбір жобалардың ақыры аяқталуы ықпал етіпті.
"Жаңа жобалар жоқтың қасы, іске қосылып жатқан жоқ. Сауда төмендеп кетті. Биылғы қаңтар-сәуірде сатылым тағы 10%-ға құлдырады. Бұрын бөліп төлеумен сатып алған клиенттер төлем енгізуді тоқтатып жатыр. Банктердің бұған дейін берілген кредиттер бойынша сыйақы ставкасын көтеруі салушыларға соққы болды. Бұл ретте құрылыс компанияларының жартысынан көбі І-ші тоқсанда оңтайландырылған жоспарларын да орындай алмады", – делінген сарапшылар есебінде.
Девелоперлер пәтерлерді еш пайызсыз, бөліп төлеуге алуға ұсынуға жаппай бой ұруда. Бірақ бұл жағдайды тіптен ушықтырып жіберген: эскроу-шоттар тым баяу, әрі мардымсыз сомаға толығады, соның кесірінен жобалық қаржыландыру құны ары қарай қымбаттаған.
Қазіргі кезде нарықтағы бөліп төлеудің жалпы көлемі 1,3 триллион рубльден асыпты. РФ орталық банкі (бізше Ұлттық банк) дабыл қағып жатыр: мұндай схемалар құрылыс компанияларының қаржыландырылу тәуекелдерін күшейтеді.
Сондай-ақ банктер үшін де, сатып алушылар үшін де жаңа проблемалар туғызуы ықтимал. Мысалы, алданған үлескерлер қатары ары қарай көбейеді.
Оның үстіне құрылыс материалдары өте көп көлемде соғыс мақсатына алып қойылып жатқандықтан, олардың құны еселеп қымбаттап, құрылыс шығынын арттыруға сүбелі үлес қосып жатыр.
Тығырықтан шығу үшін құрылыс компаниялары сату агенттіктері арқылы РФ қалаларындағы пәтерді шетелдіктер, әсіресе, Қазақстан тұрғындары арасында кең жарнамалап, клиент іздеуге кірісті.
Мысалы, "әлемдік державаның жан-жүрегі" деп дәріптелетін Мәскеудегі "Рокоссовский" бульварында салынып жатқан, келесі жылғы 3-ші тоқсанда іске қосылатын бизнес-сыныптағы жаңа, салтанатты тұрғын үй кешенінде бір бөлмелі пәтерді 7,7 миллион рубльге өткізе алмай жатқан көрінеді. Бұл шамамен 47 миллион теңге.
Салыстырсақ, ешқандай держава емес Қазақстанның елордасы – Астанадағы мәселен, Esil Riverside тұрғын үй кешенінде 1 бөлмелі пәтердің бағасы 40 миллион теңгеден басталады.
Бірақ сарапшылар солтүстік көршіде экономикалық және басқа дағдарыс белгілері күшейгендіктен, оның нарығына инвестициялаудан аулақ болу керектігін ескертеді. Бұл жылжымайтын мүлікке де қатысты.
"Промсвязьбанк" сарапшысы Лаура Кузнецова жаңа ТК жобаларын қолға алудан бас тарту үрдісі одан ары жалғасатынын жеткізді.
Өз кезегінде РФ құрылыс министрінің орынбасары Никита Стасишин құрылыс компаниялары енді қолға алған жаңа тұрғын үй жобаларын қолданысқа беру мерзімін жаппай ары ысыра бастағанын хабарлады.
Бұл, шенеуніктің болжамынша, 2027 жылға қарай РФ-та нарықта қолданысқа берілетін жаңа объектілердің шектен тыс аз, тапшы болуына соқтырады. Ендеше баспана бағасы шарықтап, қарапайым адамдарға қолжетімсіз болып қалады.
РФ Құрылыс министрлігінің дерегінше, әрбір 4-ші, 5-ші құрылыс компаниясына, негізінен, өңірлік компанияларға жоғарғы қаржылық қауіп төніп тұр. Олардың алды биыл банкрот бола бастайтынға ұқсайды.
"Құрылыс саласында дәл қазіргідей ауыр жағдай бұрын-соңды ешқашан болмаған!", – деп күрсінді журналистерге сұхбат берген вице-министр Стасишин.
Орталық банк өткізген стресс-тестке ірі девелоперлер шыдай алған. Дегенмен, жағдай тым күрделеніп кетсе, сала алыптарына мемлекет көмектесуі мүмкін. Әрине, егер соғыстан қаржысы артылса ғана.