Абай облысында грант алып, кәсібін бастап жатқандар көп, деп хабарлайды 24kz.
Былтыр 200-ден астам адам «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында мемлекеттен қолдау алған. Бұл мақсатқа бюджеттен шамамен 300 миллион теңге бөлінген. Осы қолдаудың арқасында ауыл кәсіпкерлері кәсіптік оқудан өтіп, өз ісін өріс-тетуге мүмкіндік алып отыр.
Жанна Аманова қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтіп, тігінші мамандығын меңгеріпті. Кейін қайтарымсыз 1,5 млн теңге грант алып, үй ішінен кішігірім тігін цехын ашқан. Бүгінде жұмысы алға басып, келушілер қатары көбейіпті. Енді тігінші кәсібін одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.
Жанна Аманова, кәсіпкер:
- Шешемнен қалған өнер ғой. Өзі оюлар, көрпе-жастық тігетін. Соны қарап, қызығып бала кезден. Тіге бердік, тіге бердік енді. Тігіп үйреніңдер деп үйретті ғой анамыз. Басында көрпе-жастық қана тігетінмін. Қазір сұраныс көп. Сөмке тігу керек, қазақ үйдің жабдықтарын сұрайды көбінесе.
Ал, Ерлан Кенжеғалиев сэндвич шығаратын шағын цех ашыпты. 2020 жылдан бері тағам өнеркәсібі саласына ден қойған. Былтыр мемлекеттен 4 млн теңге қайтарымсыз грант алды. Өнімін 100-ге жуық дүкен мен ірі сауда үйлеріне өткізеді. Кәсіпкер 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Ерлан Кенжеғалиев, кәсіпкер:
- Мен өнімнің сапасын жіті бақылап отырамын. Қоспалардың сапалы болуы өнімнің дәміне тікелей әсер етеді. Сондықтан бұған мұқият қараймын. Біз шығаратын нан өнімдерін көбінесе жастар алып жатады. Өзімнің балаларым да жейді. Сондықтан тазалық пен сапа мен үшін бірінші орында.
Биыл «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында 204 адамға қайтарымсыз 1,5 млн теңге беру жоспарланған. Ал 5 млн теңгелік қайтарымсыз грант енді әлеуметтік кәсіпкерлер мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистеріне беріледі. Яғни, оған ауылда тұрып, шикізаттан өнім жасап отырған шаруалар қатыса алады.
Мұрат Мәлікаждар, облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:
- Осы жылдан бастап әлеуметтік кәсіпкерлерге ауылдың кісілерін, ауылдағы шаруа қожалықтарының директорларын шақырып жатырмыз. 45 адамның он шақтысы шаруа қожалықтарының иелері болып табылады. Ол кісілерді кіргізуге, ары қарай оларды гранттық қаржыландыруға қатыстыруға атсалысып жатырмыз.
Биыл Абай облысында 20 шақты тұрғын 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз қаржы алады. Бұл мақсатқа 110 млн теңге бөлу жоспарланып отыр.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов,Берік Жобалайұлы