Үздік жаңалықтар
Үздікжаңалықтар
Бөлімдер
Жаңалықтар

“Тозу деңгейі шекті көрсеткішке жеткен”: Түркістан облысында опырылған көпірдің орнына жаңа көпір салынады

Түркістан облысында Келес өзені арқылы өтетін ескі көпірдің орнына жаңа көпір салынатын болды, деп хабарлайды өңір әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысында Келес өзені арқылы өтетін көпір опырылып құлағанын жазған едік.

Өңір әкімдігінің мәліметінше, облыс басшысының тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жауапты сала басшыларымен бірге оқиға орнына барып, көшпелі кеңес өткізген.

Кездесу барысында жаңа көпір салу мәселелері талқыланып, тиісті ұйымдастыру жұмыстары басталған. Қазіргі уақытта жобалау ұйымымен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, аталған көпір 55 жылдан астам уақыт бұрын салынған. Күн сайын көпір арқылы мыңдаған тұрғын мен жүздеген автокөлік қатынаған. Пайдалану мерзімі аяқталып, тозу деңгейі шекті көрсеткішке жеткен, ал бірнеше мәрте жүргізілген жөндеу жұмыстары қажетті нәтиже бермей отыр.

“Ең бастысы – адам шығынына жол берілген жоқ, қауіптің алдын уақытылы алу мүмкін болды. Қозғалыс жедел түрде тоқтатылды. Төтенше жағдайлар қызметі, полиция және жергілікті атқарушы органдар жедел әрекет етті. Кеше тараған бейнематериалды төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері түсірген.

Жаңа көпір салу туралы шешім қабылданды. Бұл жобаны мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүзеге асыру үшін бар күшімізді саламыз. Мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында. Жағдай тұрақты”, — деді ол.

Қазіргі уақытта автокөлік қозғалысы уақытша айналма жолдар арқылы ұйымдастырылған.

Сонымен қатар көпір арқылы өткен су құбырының зақымдануына байланысты Қошқаратын ауылдық округінің Ұшқын елді мекеніндегі 136 абонент уақытша ауыз сумен қамтамасыз етілген. 136 үйге тәулігіне екі рет үш арнайы автоцистерна арқылы су жеткізіліп жатыр. Су беру жүйесі толық қалпына келтірілгенге дейін су тасымалдау жалғасады.

Сондай-ақ болған оқиғаға байланысты Ұшқын елді мекеніндегі 40 оқушы осы тоқсан аяқталғанға дейін қашықтан оқыту форматына ауыстырылған.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз