Үздік жаңалықтар
Үздікжаңалықтар
Бөлімдер
Реалды

Ресейде қазақ тілі мен домбыра үйірмелері көбейіп келеді

Ресейде қазақ тілі мен домбыра үйірмелері көбейіп келеді

Ресейдің Мәскеу және қазақтар көп шоғырланған өңірлерінде қазақ тілі сыныптары мен домбыра үйірмелері жұмыстарын қайта жандандырды. Әсіресе ұлттық ансамбльдердің саны артқан. Қазақ тіліне тек қандастар емес, өзге ұлт өкілдері де қызығушылық танытуда.

Мәскеу облысында ресми 100 мыңға жуық қандасымыз қоныс тепкен. Алғашында оқулық жетпей, қазақ тілін үйренуге құлшыныс болмады. Ал енді сапалы оқулықтар жеткізіліп, ұлттық өнерге баулыған үйірмелер де көбейді. Қуантарлығы қазақ тілі сабақтарына бұрын тек балалар қатысса, қазір егде жастағылар да ана тілін үйренем деп келуде. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бөлек сабақ өткізу қарастырылған.

Гүлмай Хамиденова, қазақ тілі мұғалімі:

Осында тұрып жатқаныма 30 жылдан асқан. Мен осы Мәскеудегі қазақ тілін үйренем деушілерге тегін, Мәскеудегі ВДНХ Қазақстан павильонында қазақ тілін оқытамын. Қазақ тілі бастауыш топ және жалғастырушы топ болып екі топқа бөлінеді. Біздің осы курсымызға қазақ қандастарымыздан басқа басқа ұлттың өкілдері, жастарына қарамастан, білім деңгейлеріне қарамастан, оқимын деген, талаптанған адамдар келіп, оқып жатыр.

Ал домбыра үйірмелері Мәскеуден бөлек, Омбы, Түмен, Астрахань облыстарында жұмыстарын жандандырды. Олар ұлттық аспапты арнайы Қазақстаннан жеткізеді. Тек Омбы облысында 10-нан астам қазақ ұлттық ансмаблі бар.

Майра Қилыбаева, домбыра ұстазы:

Саратовтан, Астраханнан, арасында орыстар бар, белорустар келіп, домбыраға қызығушылығы бар екен. Сөйтіп мен домбыра үйрететін болып. Қазір 4-5 өлеңдеріміз бар репертуарда. Осы июльде бір жыл болады үйірмемізге. Группамызда 20 шақты адам бар. Өте жақсы тәртіп, жақсы өлең айтып, грамоталар, мадақтар алып, үлкен-үлкен сахналарға шығып жүрміз.

Енді өзге де өңірлердегі қандастарымыз қазақтың салтын дәріптеп, дәстүрін жаңғырту мақсатында ұлттық ансамбльдердің санын арттырмақ. Биыл бірнеше өңірде Абайға арналған жыр мүшайраларын өткізу жоспарда.

Индира Бегайдар