(1928-1930 жылдары қуғын-сүргін көріп, Қытайға асқан көштің жетекшілерінің бірі Қария Сәрекеұлының жазба мұралары туралы)
Алаш мұрасын зерделеп жүргенімізден хабары бар, белгілі дарынды жас ақын, қаламгер Біржан Ахмер биыл көктем айларында хабарласып, өзінің жақындарында көне жазумен сақталған мұралардың бар екенін, соны оқып беруімді өтінді. Әрине, жаныма жақын тақырыпты екшеуге, көненің көзіндей мұраны көруге құштар көңілмен, бірден мақұлдық бердім. Енді сол мұра жөнінде екжей-текжейлі сыр қозғаймыз.
Ғасыр көшкінінен аман қалып, уақыт көшімен бізге жеткен қолжазба мұраларды сақтаушы Жұлдыз Болатқызы. Құнды мұраның негізгі мазмұны қазіргі Жетісу облысына қарасты Ақсу, Қапал өңірінде дәурен сүрген белгілі тарихи тұлға Қылиұлы Сәреке қажының әулетінің басынан өткен ауыр тағдыры сөз болған. Дегенмен, көне дәптерлерде мұнан да басқа мазмұндар бар.
Қолжазба екі шағын дәптерден және он парақтан тұрады. Мұндағы бір дәптер 28 беттен, екінші дәптер 14 беттен тұрады. Барлығы 52 бетті құрайды. Енді осы жабалардың сырына үңілейік.
Бұл жазбаларды мазмұндық және парақтардың сақталу ерекшелігіне қарай отырып төрт топқа бөлуге болады. Дұғалар, Әулет адамдарының өмірдерегі, «Еңлік-Кебек» дастанынан үзінді және қуғын-сүргін тарихы. Мұндағы бәріміз үшін де маңызды, аса құнды болып отырғаны төртінші жазба яғни қуғын-сүргін тарихы. Төрт мазмұннан тұратын қолжазба дәптердің сыртқы беті және тақырып атаулары, авторы секілді маңызды деректер жоғалған немесе анық жазылмағандығынан құжаттарды осылай атауды жөн көрдік.
1. Дұғалар
Қолжазба иесі дұғаларға 6 бетті арнаған. Мүмкін онан да көп болса керек. Дегенмен, қолымызға тигені осыншалық. Дұға жазылған алты парақ жақсы сақталған. Әр бетіне 8-10 жол жазу сиятын, ұзыншақ келген, алақандай ғана сарғыш өңді шағын дәптердің түзу жолды бетіне жазылған. Парақтар ортасынан бүктеліп, сызықтың табы түскен. Бірақ, жыртылып, қырқылмаған. Оқуға қиындық туғызбайды. Бұл жерде қазақ тілінде (төте жазуда) ешқандай мәлімет берілмеген. Барлығы араб тілінде, араб графикасымен жазылған. Мұнда: Иман келтіру калимасы (كَلِمَةُ ٱلْإِيمَانِ), Тәсбиә дұғасы (كَلِمَةٌ طَيِّبَةٌ), Кәлима Шаһадат (كَلِمَةُ ٱلشَّهَادَةِ) және Таухид дұғасы (كَلِمَةُٱلتَّوْحِيدِ) қатарлы дұғала естелікке алынған. Оқырманға дұғалардың қолжазбадағы нұсқасынан бір бетін көрсетелік [1]:
2. Әулет адамдарының өмірдерегі.
Төрт беттен тұратын бұл мазмұнда қолжазба иесі сол әулетте өмір сүрген кісілердің туған, қайтыс болған жылдарын естелікке алып отырған.
Парақтар бірнеше дәптердің бетінен 4 параққа алынып жазылған. Көлемі әдеттегі дәптермен ұқсас, бірақ торкөзі үлкенірек, парақтар төртке бүктелгендіктен, қырқылып тозған, кей жері жыртылған. Жазу емлесі А. Байтұрсынұлының төте жазуынан гөрі, қадімшеге (ескі емлеге) жақын.
Бұл дәптердегі кісі аттары төртінші маңызды мұра саналатын «Қуғын-сүргін тарихында» да кездеседі. Зерттеушілер үшін маңызы барболғандықтан түпнұсқасын және біз көшірген нұсқасын ықшамдап, оқырманға көрсетелік [1]:
Зәкітай 20 жыл 10 мартта мешешін жылы
Шәкітай 21 жыл 3 ноябрде тауық
Ғалиқан 22 – 10 – ағұста ит
Ләтіш 18 – 13 – мартта жылқы
Кәмила 18 – 20 – ағұста жылқы
Рақия 26– 15– сентабрде барыс
Қызайбек 32 –8 – иунде мешін
Байтұрсын 27 –3– майда қоян
Жамиға 34– 27 – өктәбірде ит
Ғалия 32 –12– мартта мешін
Қызырбек 40 –19 – ғыйнуарда ұлу
Құрманғали 42 –19 – декабрде қой
Жақсыбек 42 –10– майда доңыз
Еркінғали 52– 30– иулде ұлу
Дәрбек 54 –22– 19 – әпірелде жылқы Қанат 19 әпірел
Болат 56 –23– мартта мешін
Сәуле 58 –9 сентәбір ит
Жанат 60 30 – ауғұс тышқан
3. «Еңлік- Кебек» дастанынан үзінді
Жұлдыз Болатқызы сақтап отырған елу беттен асып жығылатын мұраның ішінде тағы бір құнды естелік – «Еңлік-Кебек» дастанынан үзінді деуге болады. Бұл Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік-Кебек дастаны». Қолжазбаның бастапқы беттері жоғалған. Дастан тек үшінші беттен басталады. Шәкәрімнің кітабындағы нұсқамен салыстырсақ, бұл жазба дастанның орта шенінен басталған. Бастапқы беттері жоғалған болуы да мүмкін. Шығарманың мазмұны Шәкәрім нұсқасымен ұқсас болғанымен, ұйқасы, сөз-сөйлемдері жиі ауысқаны байқалады.
Өлең әдеттегі торкөз дәптерге жазылған. Оқуға біршама оңай, дегенмен жазған адам төте жазудан бұрынғы емленің ықпалында болғаны байқалады. Барлығы 16 бет. Қолжазбадағы «Еңлік-Кебек» дастаны:
Бармайсың, әдейі іздеп кез боларсың,
Кез болсаң көп кешікпей тез боларсың.
Сақтыққа қорлық жүрмес деген мақал,
Артықша сақтанбасаң сор боларсың, — деген шумақпен басталып:
Қабекең сөз айтпайды жұмбақтамай
«Көбей-ау, тауық қалай, сұңқар қалай?
Тоқтамыс кеткен жоқ па жолаушылап,
Болмай ма ол келгенше уақыт талай?- деген шумақпен аяқталады.Қалған беттері жоғалған. Бастапқы беттері де жоқ. Дастанның Шәкәрімнің жұртқа белгілі нұсқасынан айырмашылықтары бар. Сөздер, сөйлемдер, тармақтар ауысқан. Тіптен шумақтар қалып қалған, орны ауысқан жағдайлар бар. Сол тұрғыдан қарағанда бұл Ш. Құдайбердіұлы нұсқасынан көшірілген емес, ауызша жырлаушылардан естігені бойынша жазылған нұсқа болуы мүмкін. Көшіруші немесе авторы көрсетілмеген.
Нысан абыздың Кебек батырдың болашағын болжап, сақтық туралы ескерту ақыл айтқанынан басталып, Еңлік пен Кебек қашып кеткеннен кейінгі екі елдің басты адамдары ғашықтарды іздеу, тауып, жазалау істерін ақылдасып жатқан жерінен қолжазба үзіліп қалып отыр. Шәкәрім мұрларының халық арасына өркен жая тарағаны соншалық, бір ғана «Еңлік-Кебек» (жолсыз жаза) дастанының қазірге дейін де ғылымға белгілі оншақты нұсқасының қолжазбасы сақталған. Сол нұсқаларға бүгін қолымыздағы жаңадан табылған нұсқа да қосылып отыр. Шәкәрімтану мәселесінде, сала ғалымдарының назарын аударатын жәдігер деп біз парақтап отырған осы жазба нұсқасын да айтуға болады.
Төменде қолжазбадағы «Еңлік-Кебек» дастанынан үзінді [1] (қолжазба бойынша):

