Бұл туралы Велдкамп 22 тамыз, жұма күні ANP агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW басылымына сілтеме жасап.
Израильге санкциялар салу мәселесіне байланысты Нидерландтың Сыртқы істер министрі Каспар Велдкамп және оның партияластары – центристік “Жаңа қоғамдық келісім” (NSC) партиясының министрлері қызметтерінен кетті.
Dpa агенттігінің хабарлауынша, министрлердің отставкаға кетуі елдің ішкі саясатына айтарлықтай ықпал етпейді. Өйткені бұған дейін-ақ коалиция құрамынан оңшыл популистік “Бостандық партиясы” (PVV) шыққаннан кейін үкімет көпшілікке ие болмаған еді. Қазір тәуелсіз премьер-министр Дик Схоф басқаратын кабинетте тек оңшыл либералдық “Халықтық бостандық және демократия партиясы” (VVD) мен оңшыл популистік “Фермерлік-азаматтық қозғалыс” (BBB) қалды.
Израиль төңірегіндегі пікірталастар
Бұған дейін Каспар Велдкамп Газа секторындағы операцияға байланысты Израиль үкіметіне барынша қатаң шара қолдану қажет екенін айтқан. Алайда оның бұл бастамасына коалиция серіктестері қолдау көрсетпеген.
Шілде айының соңында Нидерланд билігі Израильдің ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир мен қаржы министрі Бецалель Смотричті палестиндіктерге қарсы зорлық-зомбылықты бірнеше рет қолдағаны үшін елге кіргізілмейтін тұлға деп жариялады. Сонымен қатар оларды Шенген аймағына кіргізбеу үшін арнайы дерекқорға енгізу жоспары талқыланған.
ХАМАС шабуылы және оның салдары
2023 жылғы 7 қазанда жағдай күрт шиеленісті. Еуроодақ пен АҚШ-та террористік ұйым деп танылған ХАМАС Израильге жаппай шабуыл жасады: зымырандар атқылап, ел аумағына басып кірді, бейбіт тұрғындарға қарсы қанды қырғын ұйымдастырып, шамамен 1200 адамды өлтірді. Сонымен бірге 250-ден астам адамды тұтқындап, Газадағы анклавқа алып кетті. Кейбірі кейін босатылса, кейбірі айырбасталды, бір бөлігі қаза тапты.
Израиль жауап ретінде ХАМАС-қа соғыс жариялады. Жерүсті операциясы мен әуе соққылары салдарынан Газа секторында 62 мыңнан астам палестиндік қаза тауып, 157 мыңнан астамы жарақат алды, деп хабарлады ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігі. Алайда ол статистикада қанша жауынгердің және қанша бейбіт тұрғынның бар екені нақты көрсетілмеген.
