Қарыз алу туралы шартқа қол қою кезінде қарыз алушы шарттың барлық талабын қабылдап, оны орындауға жауапкершілікті өз мойнына алады. Құжатпен мұқият таныспау қаржылық қиындықтарға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты Қазақстан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кредит алатын кезде нені білу қажет екенін назарға ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мына тармақтарды мұқият тексеруді ұсынады:
- Шарттың титулдық парағы негізгі ақпаратты қамтиды: қарыз сомасы мен мерзімі, сыйақы мөлшері, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ), өтеу әдісі, мерзімінен бұрын өтеу шарттары, айыппұлдар мен өсім пұлдардың мөлшері.
- Кредиттің толық құны: ай сайынғы төлемдерді, комиссияларды және сыйлықақыларды қоса алғанда, барлық төлеммен қарыздың толық құны қанша болатынын мұқият бағалау керек.
- Ең қолайлы өтеу әдісін таңдаңыз: аннуитеттік (теңтөлемдер) немесе сараланған (азаятын төлемдер).
- Кредит беру мерзімі неғұрлым көп болса, артық төлем соғұрлым жоғары болады. Ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу шарттарын және комиссиялардың болуын нақтылаңыз.
- Айыппұлдар мен комиссиялар: өсімпұлдарды және мерзімін өткізіп алғаны немесе шарттың талаптарын өзгерткені үшін өзге де төлемдерді есептеу тәртібін тексеріңіз.
- Дербес деректер: олардың дұрыс көрсетілгеніне көз жеткізіңіз және оларды өңдеу және үшінші тұлғаларға беру тәртібімен танысыңыз.
- Шартқа қосымшалар: төлемдер кестесі және банк қағидалары — құжаттың ажырамас бөлігі.
- Шартқа қол қоймас бұрын қаржы ұйымының өкіліне барлық қажетті сұрақты қойыңыз. Қажет болса, кеңес алу үшін маманға хабарласыңыз.
“Кредит бойынша міндеттемелерді орындау кредиттік тарихқа әсер ететінін ұмытпаңыз. Уақтылы төленбеген төлемдер айыппұлдардың есептелуіне, берешектің өсуіне және болашақта жаңа қарыздарға қолжетімділіктің шектелуіне әкелуі мүмкін”, — деп ескертті агенттік өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
