12 қыркүйекте Маңғыстау облысында “Батыс” және “Шығыс” өңірлік қолбасшылықтары әскерлерінің оқу-жаттығуы өтеді. Оның барысында бірқатар облыстардың аумағынан күш-құралдардың қозғалысы қарастырылған. Қорғаныс министрлігі осы орайда қазақстандықтарды сабыр сақтауға шақырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің жауынгерлік даярлық бағдарламасы шеңберінде Маңғыстау облысында “Батыс” және “Шығыс” өңірлік қолбасшылықтары әскерлерінің қатысуымен “Айбалта-2025” екіжақты жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді.
“Дайындық барысында осы жылдың 12 қыркүйегінен бастап бірқатар облыстардың аумағынан күш-құралдардың қозғалысы қарастырылған. Бөлімшелер (жеке құрам және әскери техника) аралас тәсілмен – темір жол және автокөлікпен жүріп өтеді, содан кейін тұрақты орналасқан пункттеріне қайтады”, — делінген хабарламада.
Министрлік өкілдері аталған кезеңде жекелеген аудандарда уақытша шектеулер болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Азаматтардан сабыр сақтауды және ресми ақпарат көздеріне ғана сенуді сұрады.
“Жалған мәліметтерді тарататындар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз”, — деді ведомство өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз



