Үздік жаңалықтар
Үздікжаңалықтар
Бөлімдер
Жаңалықтар

Үш күнде 25 адамның өмірі қиылды: ІІМ қазақстандық көлік жүргізушілеріне тағы да үндеу жасады

Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасады, соңғы күндері ел аумағында болған үш жол-көлік оқиғасының салдарынан 25 адам қаза болған, хабарлайды Polisia.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

ІІМ-ның мәліметінше, 11 қыркүйекте Маңғыстау облысында шағын автобустың аударылуы салдарынан 10 адам көз жұмған.

14 қыркүйекте Жетісу облысында үш көліктің соқтығысуы тағы 10 адам қаза болған. Апаттың себебі – қарсы бағытқа шығу.

Қарағанды облысында да дәл осындай себеппен жол-көлік оқиғасы болып, 5 адам қайтыс болған.

“Қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтамыз. Бұл – жай ғана жол апаттары емес. Бұл –орны толмас адам шығыны”, — деді ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов.

ІІМ аталған әр факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу жұмыстар жүргізіліп жатқанын, бірақ өкінішке қарай, ешқандай тергеу қаза тапқандардың өмірін қайтара алмайтынын еске салды.

“Барша жол қозғалысына қатысушыға үндеу жолдаймыз: жол қателікті кешірмейді! Жылдамдықты арттыру. Қарсы бағытқа шығу. Қауіпті маневр жасау. Қауіпсіздік белдігін тақпау. Мұның бәрі адам өміріне қауіп төндіретін қателіктер”, — деді Ғалым Сарғұлов.

Ведомство өкілдері Ішкі істер министрлігі жолдағы бақылауды күшейтіп жатқанын, ауқымды тексерістер, рейдтер, қалааралық бағыттар мен жеке тасымалдаушыларға мониторинг жүргізілетінін атап өтті. Бұл ретте көліктің техникалық жағдайына және жүргізушілердің жауапкершілігіне ерекше назар аударылмақ.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз