Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Зайсан ауданындағы ауыл әкіміне этикалық нормаларды бұзғаны үшін қатаң шаралар қабылданатынын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Облыс әкімдігінің мәліметіне сәйкес, әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жүргізу барысында Зайсан ауданындағы ауыл әкімі түсірілген, бейәдеп сөздер қолданылған бейнежазба анықталған.
Осыған байланысты ауыл әкімінен ресми түсініктеме талап етілді.
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бұл материалдарды Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі кеңесіне жолдады. Онда қызметтік әдеп нормаларының бұзылу мәселесі қаралады.
“Мұндай әрекеттерге жол берілмеуге тиіс. Облыс басшылығы балағат сөз қолдануға, әдепсіз қылық танытуға түбегейлі қарсы. Осы ретте этикалық нормаларды бұзған мемлекеттік қызметшілерге қатаң жаза қолданылатынын ескертеміз”, — делінген әкімдік хабарламасында.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
