Үздік жаңалықтар
Үздікжаңалықтар
Бөлімдер
Жаңалықтар

“Қайрат” Чемпиондар лигасында тарихи ұпайға қол жеткізді

“Қайрат” 4-минуттан бастап он ойыншымен қалған кипрліктердің осал тұсын таба алмады.

“Қайраттың” Чемпиондар лигасы аясында Кипрдің “Пафосымен” өткен матчы 0:0 есебімен тең аяқталып, қос команда бір ұпайдан еншіледі.

Алматылықтар кездесудің төртінші минутында-ақ ойыншылар басымдығына ие болды. Португалиялық Жоау Коррея өз отандасы Луиш Матаға қарсы жасаған өрескел қателігі үшін бірден қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде “Қайрат” қақпасын Темірлан Анарбеков қорғады. “Селтикке” қарсы пенальти сериясындағы қаһарман жақында жақ сүйегін сындырған болатын. Енді жарақатынан айыққан қақпашы бес сэйв жасады.

Анарбеков матчтың антиқаһарманына да айналуы мүмкін еді. 72-минутта “Пафос” есеп ашқан. Бірақ гол қақпашының автоголы ретінде тіркелген. Алайда 76-минутта төреші VAR қарап, офсайд анықталған соң, голды есепке алмады.

“Қайрат” сапында бес қазақстандық ойнады. Анарбеков пен Сәтпаевпен қатар бастапқы құрамда Александр Мрынский мен Еркін Тапалов шықты. Үзілістен кейін Тапаловтың орнына 18 жастағы Азамат Тұяқбаев өнер көрсетті. Ол бұған дейін жастар арасындағы Чемпиондар лигасында “Спортингке” екі гол соққан.

Алдағы жексенбі, 26 қазанда “Қайрат” ел чемпиондығы үшін “Астанамен” кездеседі.

Келесі Чемпиондар лигасының матчы 6 қарашада Миланда “Интерге” қарсы өтеді.