Астана – Ерейментау учаскесінде машинист автокөліктермен соқтығысудың алдын алды, деп хабарлайды “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
ҚТЖ-ның мәліметінше, 2025 жылғы 22 қазанда сағат 16.27-де Астана – Ерейментау учаскесінің Едіге – Ерейментау аралығында жолаушылар пойызының машинисі 108 км/сағ жылдамдықпен келе жатып реттелетін, күзетілмейтін теміржол өткелінде шұғыл тежеуді қолданған.
Бұған қозғалыстағы құрамның алдында үш жеңіл автокөліктің кенеттен жолға шығып кетуі себеп болған. Локомотив бригадасының кәсіби және жедел әрекетінің арқасында соқтығысуға жол берілмеген.
“Бұзушылыққа жол бергендер оқиға орнынан қашып кетті. Пойыз маршрут бойынша 7 минутқа кешігіп жүрісін жалғастырды. Бұзушылық туралы ақпарат құқық қорғау органдарына берілді. Оқиғаның себебі – жүргізушілердің жол ережесін бұзуы”, — делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қарағанды облысындағы теміржол өткелінде жолаушылар пойызы мен жеңіл автокөлік соқтығысып, салдарынан үш адам қаза болған еді.
Сондай-ақ Қызылсай-Шымкент теміржол өткелінде автокөлік тепловозбен соқтығысып, бұл жағдай пойыздардың қозғалыс кестесіне әсер еткен болатын.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
