Үздік жаңалықтар
Үздікжаңалықтар
Бөлімдер
Трендтер

Эстония президенті студенттермен кездесті

Эстония президенті студенттермен кездесті

Қазақстанға жасаған ресми сапары аясында Эстония президенті Алар Карис Назарбаев университетінің студенттерімен кездесіп, дәріс оқыды. Эстония басшысы жаһандану кезеңіндегі білімнің маңызына тоқталып, жасанды интеллектінің оқу үрдісіне тигізер әсерін баяндады .

Сондай-ақ қос мемлекет арасындағы тарихи және мәдени байланыстарды тілге тиек етіп, ғылыми инновациялық шешімдер арқылы жастарды даму үдерісіне дайындау қажеттігін алға тартты. Дәріс соңында Алар Карис мемлекеттік саясат, жасанды интеллект және өзге де бағыттар бойынша тәлім алып жатқан студенттердің сауалына жауап беріп, ақыл-кеңесімен бөлісті.

Алар Карис, Эстония Республикасының президенті:

– Біз цифрландыру үрдісін 30 жыл бұрын бастадық. Студенттеріміз жасанды интеллектіні қолдану тәсілдерін критикалық ойлау және критикалық оқытумен бірге меңгеріп жатыр. Әрине алдымен мұның заңнамалық тұрғыдан реттелгенін де айта кету керек. Өйткені бірнеше тілде қызмет көрсететіндіктен, кейбір құқықтық мәселелердің туындайтыны анық. Алайда біз олардың бәрін еңсереміз деген ойдамын.

Сондай-ақ Эстония басшысы екі елдің жетекші жоғары оқу орындары басшыларының және жауапты министрлік өкілдерінің басын біріктірген Қазақстан мен Эстония ректорларының форумында бой көрсетті. Шара нәтижесінде Эстонияның алты жоғары оқу орнымен екі-жақты меморандумға қол қойылды.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

– Тұңғыш рет үкіметаралық деңгейде біздің министрлігіміз және Эстонияның Ғылым және білім министрлігінің арасындағы арнайы келісімшартқа қол қоямыз. Бұл енді университеттеріміздің арасында студенттермен алмасу, академиялық ұтқырлық, ғылыми зерттеулермен айналысуға мүмкіндік береді. Орта білімде де Эстониядан үйренетін нәрселеріміз бар. Өздеріңізге мәлім, мына Пиза халықаралық үлкен зерттеулерде Эстония дәстүрлі түрде үздік бестікке кіреді.