Алаштың ардақтылары білім, парасат биігінен ғана жоғары емес, жүріс-тұрыс киімімен де ұрпаққа үлгі.
Түркияда Ахмет Байтұрсынұлына ұқсап киім тіктіріп киіп, ұлт ұстазына ұқсауға тырысқан студент бар. Мұндағы студенттердің бірі Байтұрсынұлының болмысын сырт келбетімен жаңғыртса, енді бірі ағартушының мұрасын зерттеп жүр.
«Анадолы елінің Ахмет Байтұрсынұлына деген құрметі бөлек. Оның еңбектері әлі талай ғылыми жаңалыққа арқау болады», — дейді ғалымдар.
Ахмет Байтұрсынұлының ізі қазақ даласынан асып, бүгінде Анкараның қақ ортасындағы Қажы Байрам Вели университетінде жалғасып жатыр. Мұнда Ұлт ұстазының идеясын тек кітаптан емес, өз өмірінен іздейтін дарынды студент бар. Ол түркітанушы мамандығы бойынша мына тұрған ғимаратта білім алады.
Серхаттың үстіндегі ұзын қара пальто мен қолындағы портфелі бірден Байтұрсынұлының бейнесін еске түсіреді. Ол күн сайын университетке дәл осылай келеді. Себебі өзін жай студент емес, Ахметтің идеясын жалғастырушымын деп санайды. Бірақ сыртқы ұқсастық – ең қарапайым белгі. Нағыз үндестік – оның орамды ойы, тың зерттеуі мен өмірлік ұстанымында.
Серхат Өзтүрік, Анкара Қажы Байрам Вели университетінің студенті:
– Ахмет Байтұрсынұлы шығармалары арқылы өте қатты әсер қалдырды десем болады. Барлығы 2020 жылдан басталды. Ахмет Байтұрсынұлының тілі, жазып-сызғандары өміріме, басымнан өткен жағдайларға да жақын келеді. Сондықтан оны өзіме жақын көріп, оған еліктей бастадым десем болады. 2023 жылы қазақ тілін дамыттым. Оның барлығы «Ахмет – ұлт ұстазы» деген сериалды көргеннен кейін болды.
Аудиторияда Серхатқа деген қызығушылық ерекше. Көп студент оны «Алаш дәуірінен келген жігіт» деп те атайды. Кейбірі Серхаттың ықпалымен қазақ әдебиетіне ерекше қызыға бастаған.
Акиф Ертекин, Анкара Қажы Байрам Вели университетінің студенті:
– Әдебиет сабағында да Ахмет Байтұрсынұлы ұстазымызды көреміз, жақсы түсінеміз. Біздің сыныптастарымыздың арасында Серхат мырза бар. Оның Ахмет Байтұрсынұлы сияқты киімдері бар. Тіпті Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» деген өлеңін оқиды.
Бұл – Байтұрсыновтың шығармаларын ғылыми тұрғыда талдап жүрген Ирем Кесикташ. Айтуынша, Серхатты алғаш көргенде ағартушы жайлы көбірек білгісі келген. Қазір ол Алаш зиялысының еңбектерін терең зерттеп жүр.
Ирем Кесикташ, Анкара Қажы Байрам Вели университетінің студенті:
– «Қырық мысал» мен «Маса» шығармаларында қоғамдық мәселелерді айтады. Бұл шығармаларында қоғамды ойлауға шақырады. Бұлардан басқа «Оқу құралы», «Әдебиет танытқыш», «Тіл жұмбақ» сияқты шығармаларында қазақ тілі грамматикалық ерекшеліктерін түсіндіреді.
Түркияда ұлт ұстазының мұрасына қызығушылық бүгін басталған жоқ. Оның еңбектері Алаш зиялыларының ішінде Анадолыда алғаш болып зерттелді. Тарихшылардың айтуынша, ХХ ғасырдың ортасында-ақ Алаш мұрасы туралы мақалалар түрік баспасөзінде жарық көрді. Кейін бұл бағыт ғалымдар тарапынан жалғасып, жаңа ізденістерге жол ашты. Алғашқылардың бірі болып профессор Нергис Бирай Байтұрсыновтың шығармалары жөнінде ғылыми диссертация қорғап, ағартушы мұрасын Түркияда кеңінен танытқан.
Гүлжанат Құрманғалиева, тарихшы, профессор:
– Жалпы ол кісі өзін «мен – Ахмет Байтұрсынұлының қызымын» дейді. Ол Ахмет Байтұрсынұлын әкем ретінде көремін дейді. Кейін 2022 жылы Нергис Бирайдың мынадай еңбектері шықты. 150 жылдыққа менің қосқан үлесім болсын деп осы еңбекті шығарды. Одан бөлек 2022 жылы А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл болған кезде Нергис ханым, менің докторантым Елдос Тоқтарбай, Заңғар Кәрімхан төртеуміз осы кітапты дайындадық. Бұл кітаптың атауының өзі де ерекше. «Ұлт мектебінің жүрегі – Ахмет Байтұрсынұлы» деп аталады.
Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары түрік әдебиетші ғалымдар тарапынан ерекше дәріптеліп жүр. Әсіресе тіл білімі және филология бағыты бойынша ізденушілер көп.
Жемиле Кынажы, түрколог, профессор:
– Түркияда жас ғалымдардың грамматика және тіл жайында диссертациялары бар. Магистранттық диссертациялар. Мысалы, «Әдебиет танытқыш» туралы диссертация жазылды. Бірақ ол тіл жағынан. Сол себепті біздің балалар сабақтарда Ахаңды таниды, біледі, өте жақсы көреді. Біз Түркияда да Ахаңды бәріміз білеміз.
Ұлт ұстазы салған сара жол шекара талғамайды. Түрік жастары оның еңбегін оқып қана қоймай, ғылыми деңгейде зерделеп, рухани ізбасарына айналған. Бұл – Алаш ардақтысының идеясы әлі де өзекті әрі оның ағартушылық жолы жаңа ұрпақты тәрбиелеуді жалғастырып отырғанының айқын дәлелі.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева

