Темірлан Анарбеков грекиялық клубқа қарсы өткен матчтың үздік ойыншысы атанды.
22 жастағы голкипер жалпы кезеңнің алтыншы турында гректің “Олимпиакосына” қарсы өткен матчта ойынның үздік футболшысы деп танылды.
Осылайша, Анарбеков Чемпиондар лигасы тарихында “Матчтың үздік ойыншысы” жүлдесін иеленген алғашқы қазақстандық футболшы атанды. Астанада өткен кездесу “Олимпиакостың” 1:0 есебімен жеңісімен аяқталды. Бұл жеңіліс “Қайрат” үшін турнирдің биылғы маусымындағы бесінші жеңіліс болды.
Алматылық клубты Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде тағы екі матч күтіп тұр. 2026 жылдың 20 қаңтарында Рафаэль Уразбахтин шәкірттері Астанада Бельгияның “Брюгге” клубын қабылдайды, ал 28 қаңтарда Лондонда жергілікті “Арсеналмен” кездеседі.
Сонымен қатар, Чемпиондар лигасының Instagram желісіндегі ресми аккаунты жалпы кезеңнің алтыншы турындағы тоғыз матч қорытындысы бойынша қақпашылардың ең үздік сейвтерін жариялады. Олардың қатарына “Қайраттың” қақпашысы Темірлан Анарбековтың екі керемет сейві енді. Ол Айюб Эль-Кааби мен Мехди Таремиге гол соғуға мүмкіндік бермеді.
