Жетісу облысының Достық ауылында «Жайлы мектеп» салынып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Жаңа ғимарат пайдалануға берілгенде 17 көпқабатты үйдің тұрғындары балаларын орталықтағы білім ошағына апарып әуре болмайды.
Шекаралы аймақтағы оқушылар жүк тасымалы үзілмейтін темір жолдан да өтпейтін болады.
Мектеп құрылысының аяқталуын асыға тосып жүргендердің бірі Әсел Бағдәулетова. Достық ауылының тұрғыны бірнеше жылдан бері балаларын орталықтағы білім ордасына апарып оқытып жүр.
Әсел Бағдәулетова, Достық ауылының тұрғыны:
- Балалардың біреуі түске дейін, екіншісі түстен кейін оқиды. Сондықтан күніміз бала тасумен өтеді. Жаңа мектеп ашылса өздері барып келетін еді.
Мектеп пен үйдің арасы төрт шақырым. Қысы-жазы желі ұйытқып тұратын
елді мекенде балалардың сабаққа барып-келуі қиын. Сондықтан ата-аналар бірлесіп автобус жалдаған.
Арай Жолаева, Достық ауылының тұрғыны:
-Үлкен мектептің ашылайын деп жатқанына қуанышты болып жатырмыз. Әсіресе, балаларымыз риза. Өйткені үйдің дәл жанында мектеп. Ата ана ретінде балалардың өмір қауіпсіздіктері маңызды ғой.
Достық ауылындағы 17 көпқабатты үйде бес жүзден аса оқушы бала бар. Олар Бауыржан Момышұлы және Достық орта мектебіне барады. Бала санының көптігіне байланысты білім ошақтары екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Жаңа нысан осы жүктемені азайтуға ықпал етпек.
Ермек Сейпілмәлікұлы, Достық ауылдық округінің әкімі:
- «Жайлы мектеп» құрылысы 2023 жылы басталып, биыл 2025 жылы оқу жылында қолданысқа беру жоспарлануда. Қазіргі кезде аталған объектіде 70 жұмысшы жұмыс істеп жатыр. Бұл мектеп көптеген мәселені шешеді.
Жалпы Жетісу облысында сегіз білім ошағы салынып жатыр. Соның төртеуі биыл қолданысқа беріліп, оқушылар жаңа мектепте білім алатын болады.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев