Current Date: 17-03-2025

Наурызнама аясында оқушылардың сурет көрмесі өтті

Наурызнаманың онкүндігі аясында Түркістан облысы Ордабасы ауданында мектеп оқушыларының сурет көрмесі өтті.

Темірлан ауылының орталық алаңында болашақ қылқалам шеберлерінің жүзге жуық туындысы көпшілік назарына ұсынылды. Оқушылардың еңбектері Наурыз мерекесі, табиғат, салт-дәстүр және тарих тақырыптарына арналды. Ұлттық бояуы қанық картиналар жас суретшілердің шексіз қиялы мен шығармашылық әлеуетін айқын көрсетті. Кейбір туындылар философиялық ойға жетелесе, жүн мен киізден жасалған кескіндемелер ерекше қолтаңбасымен көздің жауын алады. Аудан тұрғындары жасөспірімдер салған суреттерді тамашалап, олардың мәні мен сырын ұғынуға тырысты. Мерекелік көңіл- күй сыйлаған мектеп оқушыларының көрмесі енді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болды.

Исмайл Асқар, Ордабасы ауданының тұрғыны:

- Іс-шаралар аудан көлемінде ұйымдастырылып өтіп жатыр. Бүгін мінеки мектеп оқушыларының дайындаған көрмесі аудан орталығында өтуде. Қазақстан халқының тамаша, білімді азаматтары болып, жастарымыз өсе берсін. Қазақстан халқы, мемлекетіміз дами берсін.