Current Date: 14-03-2025

Елімізде электронды сауда көлемі артты

Елде электронды сауда көлемінің тұрақты өсімі байқалады.

Көрсеткіш соңғы 5 жылда 5 есе көбейген. Онлайн алыс-беріс тиімділігін былтыр да көрсетіпті. Осылайша жылдық жоспар 3,2 трлн теңгеге артады деп күтіліп отыр. 2024 жылы отандық маркетплейстер 150 млрд теңге салық төлеген. Сауда және интеграция министрлігі өкілдері қазіргі таңда халық үшін қолма-қол ақшасыз есеп айырысу қолайлы болып тұрғанын мәлімдеді. Осы ретте тұтынушылар құқықтарын қорғау үшін онлайн сауда саласындағы бірқатар заңнамаға түзетулер енгізілмек. Мәселен, азаматтар қазіргі күні цифрлық қосымшалар арқылы сатып алған затына көбіне шағым түсіреді екен. Наразылықтың басым бөлігі — сатушымен кері байланыстың жоқтығы мен қызмет сапасына қатысты. Олқылықты ретке келтіру үшін министрлік заңнаманы жетілдіру жұмысын қолға алыпты.

Әсет Нүсіпов, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

- Қазір мәжіліс қабырғасында тұтынушылардың электрондық саудадағы құқықтарын қорғауға бағытталған түзетулер қаралып жатыр. Онлайн сауданы дамыту факторларының бірі қойма және логистикалық инфрақұрылымдар. Ол бойынша бізде трансшекаралық онлайн сауданы ынталандыру үшін Қытай тарапы Trans Post және Қазпошта бірлескен кәсіпорны шеңберінде Алматы облысында тарату орталығын және Алматы әуежайының аумағында заманауи мультимодальды қойма салу мәселесі пысықталып жатыр. Онлайн сауданы дамыту мыңдаған кәсіпкер үшін, оның ішінде Қазақстан өңірлері үшін нарықтарды қолжетімді етеді. Бизнестің ұлттық және халықаралық деңгейге шығуына кедергілер азайтуға да ықпалы бар.