Current Date: 18-03-2025

Кешенді бастамаларды жүзеге асыру талқыланды

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросы өтті. Онда депутаттар осы аптадағы Іс-шаралар жоспарын талқылады және 20 наурызда өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті.

Сенат төрағасы алдымен Ұлт­тық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы айқындап берген міндеттерге тоқталып, әділетті және қуатты Қазақстан құру идеясын іске асыруға қажетті заңнамалық жұмыстың бағыт-бағдарына назар аударды.

«Ұлттық құрылтайдың төртін­ші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді одан әрі дамыту жолындағы бірқатар міндетті айқындап берді. Жиын барысында қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселелер ашық талқыланып, сындарлы пікірлер айтылды. Парламент қабылдауға тиіс заңнамалық өзгерістердің бағыттары айқындалды. Жалпы, жыл сайын құрылтайдың мәні артып, мазмұны кеңейіп келеді. Биыл көтерілген ауқымды мәсе­лелер мен белгіленген ма­ңыз­ды міндеттер соған дәлел. Парламенттің алдында тұрған ендігі міндет – Мемлекет басшы­сының Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Қуатты Қазақстан құру идея­сын орындау үшін қолға алын­ған кешенді бастамаларын жүзе­ге асыруға қажетті заңнама­­лық база қалыптастыру. Сондық­тан осы бағыттағы жұмысымызды жүйелеп, палатаның іс-шаралар жоспарын өзектендірудің маңызы зор», деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ отырыс барысында сенаторлар комитеттердің өңір­лер­дегі өзекті мәселелерді шешуге арнал­ған алдағы отырыстарында және депутаттардың мүдделі тараптармен көшпелі кездесу­лерінде қозғалатын тақырыптар­ды талқылады. Олардың қатарын­да экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл және елдегі ойын бизнесі мен лотерея қызметі бо­йынша қабылданған заңнама­лық өзгерістердің қолданыс­тағы тә­жірибесін талқылау сияқ­ты мәсе­лелер бар. Одан бөлек, Сенат депу­таттары осы аптада Ауыл шаруа­шылығы министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшылығымен бірлесіп, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру тетіктеріне қатысты басымдықтарды талқылайды.

М.Әшімбаев атап өткендей, Мемлекет басшысы цифрландыру ісіне баса мән беріп отыр. Себебі бұл ел экономикасының қарқынды дамуына тікелей әсер етеді. Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін ұлғайтып қана қоймай, оның бәсекеге қабі­леттілігін, өндіріс көлемін және экспорттық әлеуетін арттыруға да жағдай жасайтыны сөз болды.

Сонымен қатар бюро мүше­лері «Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­ты­ғына қатысушы мемле­кеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды алдағы отырыстың күн тәртібінде қарау үшін тиісті қаулы қабылдады. Келісімнің мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ұлттық күш-жігер мен ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру. Заң нормалары бірлескен бағдарламалар мен сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-шараларды әзірлеу және іске асырумен бірге сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл және заңна­маны үйлестіру саласындағы ынты­мақтастықтың құқықтық базасын жетілдіруді көздейді. Атап айтқанда, бұл ақпарат алмасуды қамта­масыз ету және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы ағартуды күшей­ту үшін тараптардың күш-жі­герін біріктіру сияқты мәселе­лерді қамтиды.

Бұған қоса бюрода осыған дейін Мәжіліс қабылдаған заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.