Current Date: 18-03-2025

СҚО құтқарушылары су тасқыны кезеңінде дрондарды қолданады

Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар қызметіне өзен-көлдерді көктен бақылау үшін дрондар берілді, деп хабарлайды 24KZ. «Су тасқыны кезеңінде бұл қондырғылар таптырмайтын көмекші », – дейді құтқарушылар. Мамандар дронмен Есіл өзеніндегі сеңнің жүруін бақылап, нақты ахуалды біліп отырады.

Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар қызметі cу тасқыны кезеңіне дайын. Құтқарушылар керек-жарақпен қамтылған. Биыл оларға Есіл өзенін көктен бақылау үшін дрон берілді. Мамандар енді қауіпті аумақтарға аттанады.

Дәурен Таубаев, СҚО ТЖД басқармасының бас маманы:

- Облысымызда 1900-дан астам жеке құрам мен 1400-ден астам күш-құралдар дайындыққа келтірілді. Уәлиханов, Мүсірепов аудандарына топтар жөнелтіле береді.

Сергеев су қоймасы толып тұр. Қазір бөген үстімен Есіл өзеніне ағып жатқан судың деңгейі 1 сантиметр. Бұл бұрын-соңды болмаған құбылыс. Болжам бойынша биыл гидротехникалық нысан 3,1 млрд текше метр су қабылдауы мүмкін.

Асхат Бәкішев, «Қазсушар» РМК СҚОФ бөлім бастығы:

- Әдетте Сергеев қоймасындағы судың бөгет үстімен ағуы тамыз, қыркүйек айларында тоқтайтын. Тек 2019-да тасқын болған жылы қарашаның 12-і басылған. Бірақ қазіргі құбылыс Петропавл гидроторабына салмақ түсірмейді. Керек болған жағдайда судың өтуін реттей аламыз.

Облыс бойынша 22 гидрологиялық бекет құрылған. Синоптиктердің айтуынша, биыл көктем жылдағыдан ерте келеді. Қазір ауа температурасы күрт жылынып, кей жерлерде жаңбыр жауып жатыр.

Наталья Левина, «Қазгидромет» МКК СҚОФ директорының орынбасары:

- Өңірде наурыздың 18-не дейін дауылды ескерту жарияланды. Облыс бойынша күн жылынып, қар аралас жаңбыр жауады. Бұл қардың тез еріп, өзен-көлдердің көтерілуіне алып келеді.

Биыл төтенше жағдайлар қызметкерлері су басуы ықтимал деген 116 ауылды бақылауға алды. Қазір мамандар қаптарға құм толтырып, бөгеттерге инерттік материал дайындап жатыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков