Қазақстанда мұнай өнімдерін шығаруға салынған тыйымды алты айға ұзарту ұсынылды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Энергетика, Қаржы, Ішкі істер министрліктері және ҰҚК әзірлеген бұйрық жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды. Құжат 14 наурызға дейін қоғамдық талқыда болады.
Бұл іс-шара мұнай өнімдерінің экспортын бақылауды күшейтуге және Ресей алдында отынның реэкспортына тыйым салу жөніндегі міндеттерді орындауға бағытталған.
Құжатта елде АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынын тұтыну көлемі шамадан тыс артқаны айтылады.
"Құқық қорғау органдары мәліметінше, ай сайын "көлеңкелі" экспорт пен мұнай өнімдерін шығару көлемі 10-45 мың тоннаға жетеді. Бұл Қазақстандағы мұнай өнімдері бағасы көрші елдермен салыстырғанда 17-166 пайызға төмен болуына байланысты. Бұдан бөлек мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі келісім аясында Қазақстан Республикасы бажсыз жеткізу шарттарымен мұнай өнімдерін импорттауға мәжбүр. Сондықтан Ресей тарапының ЕАЭО аумағынан тыс жерлерге мұнай өнімдерін реэкспорттауға тыйым салу талабын ескеру қажет. Осылайша мұнай өнімдерін ЕАЭО шегінен тыс жерлерге шығаруды бақылауды күшейту қажет", – деп жазылған бұйрық жобасында.
Айта кетейік, бұған дейін мұнай өнімдерін елден шығаруға 2024 жылғы 29 қыркүйектен 2025 жылғы 29 наурызға дейін тыйым салынған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!