0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Елімізде екі аптадан соң мемлекеттік нөмер алмаған мопед жүргізушілеріне айыппұл салынады, яғни 5 сәуірден бастап жол ережелеріне талап күшейеді. Мәселен, Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері алып шаһарда 3300 мопед тіркелген. Жаңа талап бойынша жүргізуші куәлігін алып, қос дөңгелекті техниканы рәсімдеу үшін не қажет? Алматылық әріптесім Айдана Қуантхан тарқатады.
Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, Алматыда күніне 300-ге жуық мопед тіркеліп жатыр. Техникасын тіркегендерің бірі – Серік Қайроллаев. Ол жақында алған мопедін рәсімдеп, небәрі екі сағат ішінде мемлекеттік нөмерін алды.
Серік Қайроллаев, мопед жүргізушісі:
Мемлекеттік нөмер тез табуға көмектеседі. Нөмер алған адамдар өз бастарына жауапкершілік алады. Ол кезде жол ережесі бұзылмайды, тәртіп сақталады. Бәрі бірқалыпты, бір Заңмен жүреді.
Айдана Қуантхан, тілші:
Мопедті тіркемес бұрын инспектор дәл осы алаңда жан-жақты тексереді. Оның әсіресе шанағының көлемі, қозғалтқыш нөмерлері құжатта көрсетілген мәліметпен сәйкес келуі керек. Егер мопед заңсыз немесе ұрланған болса, тексеріс актісі берілмейді.
Содан соң тіркеу туралы куәлік пен мемлекеттік нөмір алуға жіберіледі. Ол үшін барлығы 11 мың теңгеден аса қаржы төленеді. Ал жүргізуші куәлігі жоқ болса, мопедші 2 айлық мерзімде оқуы керек. «А1» санатын алу үшін теориялық және практикалық емтихан тапсыруға міндетті. Ол үшін үміткерлерге жылына үш мүмкіндік беріледі.
Айдын Меркімбаев, қалалық ПД процессинг орталығының басшысы:
Егер 5 сәуірден кейін тіркелмеген мопед жүргізушісі жол ережесіне қатысатын болса, 10 АЕК айыпталатын болатын. Және уақытша тұраққа тұрғызылатын болады. Мопед иесі көлігін есепке қойғаннан кейін жол жүру ережесіне сәйкес ол сақтандыру полисі, техникалық байқаудан өткен актісі болуы тиіс.
Былтыр Алматыда мопедтің қатысуымен 1000-нан аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 1100-ге жуық адам дене жарақатын алып, 17-сі көз жұмған. Сондай-ақ 44 мыңнан аса мопедші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1700-ден аса мопед айыппұл тұрағына қойылыпты.
Айдана Қуантхан