Елде UKI инвестициялық алтын монетасы айналымға шықты, деп хабарлайды 24kz.
Ұлттық банктің мәліметінше, жаңа төлем құралының цифрлық баламасын Астана халықаралық қаржы орталығы биржасының «Табыс» қосымшасында бөліп-бөліп сатып алуға болады. Мұндай тәжірибе елде алғаш рет енгізіліп отыр.
Ұлттық банк Gold Coin жобасын іске асырып жатыр. Бұрын тұтынушылар инвестициялық монетаны филиалдарға барып сатып алса, енді цифрлық баламасын қолдануға болады. Сондай-ақ монетаны басқа адамға онлайн сатуға немесе сыйлауға да мүмкіндік бар.
Айбар Мажиров, ҚР Ұлттық банкі қолма-қол ақша айналысы департаменті басқармасының бастығы:
- Бұл номиналы 100 теңге саналады. Салмағы 31,1 грамм. 999,9 санамалы алтыннан жасалған. Бұл монета «Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері» сериясындағы коллекциялық монета стилінде жасалған. Бұл тәжірибе ҚР аумағында бірінші рет болып жатыр.
Алтын монетаға қолжетімділікті арттыру үшін бөліп сатып алу қызметі қарастырылған. Яғни, кез келген адам АІХ биржасының «Табыс» қосымшасы арқылы монета құнының 20-дан бір бөлігін төлеп отыра алады. Қазір бұл инвестициялық платформаға 60 мыңнан астам адам тіркелген.
Самал Мұрат, Tabys Аіх қосымшасының жетекшісі:
- Кез келген алтын монетаны сатып алуға кез келген қазақстандықтың бірден қалтасы көтермеуі мүмкін. Сондықтан аздап-аздап 20 бөлігін сатып алған жағдайда оны Ұлттық банктің филиалдарынан алып кетуге болады.Ұлттық банкпен кепілдендірілген құрал болғандықтан инвесторлар үшін сенімді құрал деп есептейміз.
Жаңа алтын монетаның әзірге 1500 данасы шығарылды. Ұлттық банк алдағы жылы инвестициялық құралдардың санын арттыра түспек.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Мерей Талап