Current Date: 19-03-2025

Таразда жүннен заманауи киім тігетін шебер тұрады

Айдархан Қалиев қазақтың ұлттық киімін әлемге танытып, дәстүрлі өнерді жаңғыртуда, деп хабарлайды 24kz.

Дизайнер сан ғасырлық ұлттық өрнектерді заманауи киім үлгілеріне енгізіп, қазақ мәдениетін насихаттап келеді.

Мерей Бает, тілші:

- Айдархан Қалиев тігін саласында 40 жылға жуық еңбек етіп келеді. Ол бұл салаға 1987 жылы қадам басқан. Тәуелсіздік алған жылдары ұлттық киімдерді пішіп, сатумен айналысты. Бүгінде заман талабына сай сырт киім, тақия және көкірекшелерді нео-фольклор стилінде дайындап шығаруда.

Айдархан Қалиев, дизайнер:

- Алғашқы мақсатымыз – дайындаған киімдер қолжетімді болу керек. Салынған ою пішілген пішімдері және тігілген бәрі сапасы жоғары болу керек. Оның бәрі оңаймен келмейді. Бұл 40 жылдық жұмыс. Ілгері киім болсын күнделікті киім болсын қазіргі заманауи киім болсын, бірақ өзіміздің киімімізде ұлттық нақыштағы бір элементтер не болмаса бір нақыштар болу керек.

Шебер жүннен бұйым жасау ісінде шикізат пен маман табу мәселесіне тап болады. Сондықтан ол жіптен тоқылған гобелен матасын Қытайдың Шанхай қаласынан арнайы тапсырыспен алдыртады. Әрбір киімге ою-өрнек таңдағанда, оның шығу тегін зерттеп, мағынасын түсініп барып қолданады. Ал маман даярлау мақсатында өзі арнайы колледж ашқан. Қазіргі таңда сол колледжден шыққан мамандар әлемдік сән апталықтарына қатысып, өз өнерлерін көрсетуде. Сондай-ақ, сәнгерлердің бір бөлігі шебердің тігін цехында жұмыс істейді.

Меруерт Мәжібай, колледж мұғалімі:

- Жақында Милан қаласында апталық болды бізде. Біздің студенттер 4-курстың сол жаққа барып, ұлттық киімдерін нақыштап көрсетіп келді. Біздің осы колледжде қаншама қазақи заманауи киімдер тігіп, шапандар тігеді қазақи жилеткалар тігеді барлығын үйреніп, осы жерден білім алып отыр.

«Ұлттық киімді тек мерекелік сән ретінде емес, күнделікті өмірде де кию қажет», — дейді шебер. Ол үшін киім ыңғайлы әрі заман талабына сай болуы керек. Осындай талаптар орындалған жағдайда ғана ол көпшіліктің көңілінен шығады. «Сондықтан студенттеріме де осыны түсіндіремін», - деп атап өтті дизайнер.

Аружан Әбдіқадір, студент:

- Киіз бен жібек бір-біріне жабысуы үшін бір жарым күннің ішінде. Одан кейін оны жарты сағаттың ішінде жуып тазалап, сосын тігіншілерге береді. Тігіншілер өздері қандай киім тігеді, соны тігіп, ары қарай коллекцияға кетеді. Осы колледжге келіп негізі көп нәрсеге көзім ашылып жатыр. Практика бізге негізі қазақ дәстүрін ары қарай жалғастыруға қатты көмектеседі деген ойдамын. Ары қарай ұрпақтан ұрпаққа жеткізеді.

Айдархан – елге әйгілі сән апталығының негізін қалаушы. Бұл сән апталығының ерекшелігі – тек заманауи стильде жасалған ұлттық киімдердің көрсетілуінде. Бүгінге дейін шараға әлемнің 50 елінен 600-ден астам дизайнер қатысқан.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан Елдар Байділдә