Current Date: 19-03-2025

Алматыда Наурыз мейрамын тойлауға байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі

Алматыда Наурыз мейрамын тойлауға дайындық кезінде және мерекелік іс-шараларды өткізер уақытта көлік қозғалысына шектеу енгізіледі. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Алматы әкімдігі өкілдерінің мәліметіне сәйкес, 19-23 наурыз аралығында Төле би көшесінің Назарбаев даңғылынан Абылай хан көшесіне дейінгі бөлігі жабылады.

"Осыған байланысты сол күндері 10 қоғамдық көлік бағытының қозғалыс сызбасына өзгеріс енгізіледі. Бұл №16, 37, 48, 126, 201, 205, 206, 209, 210 және 224 бағыттары", — делінген хабарламада.

Сондай-ақ Алматы әкімдігінің өкілдері "Астана" алаңын шығыс бағытында Қабанбай батыр көшесі арқылы, батыс бағытта Бөгенбай батыр көшесі арқылы айналып өтуге болатынын еске салады.

Ал №16 және 126 бағыттар бұл аумақты Гоголь көшесі арқылы айналып өтеді.

Сонымен қатар 22 наурызда сағат 06:00-ден 11:30-ға дейін Назарбаев даңғылынан Достық даңғылына дейінгі Абай даңғылы уақытша жабылады.

Алматы қаласының әкімдігі тұрғындар мен қонақтарға жүрер жолды алдын ала жоспарлап алуды сұрайды.