Әлемде 3 триллионға жуық ағаш өсіп тұр.
Десе де, жыл сайын шамамен 15 миллиард тал кесіледі. Қазір Жер шарының 30%-ын ормандар алып жатыр. Бұдан да көп еді. Өкінішке қарай, адамзат ХХІ ғасырдың басына дейін ормандардың жартысын жойып жіберген. Ал содан бері қолдан егілген ағаштар әлемдегі орман алқабының 8%-іне да жетпейді.
Бұған экологтар алаңдайды. Өйткені табиғатта талдың көп болуы климаттың тепе-теңдігін сақтауда маңызды күшке ие. Бұл ретте ормандарды сақтау үшін әлем елдері қандай шаралар жасап жатыр?!
Адам тыныс алуы үшін өкпе қаншалықты қажет болса, жер Ана үшін ағаштардың көп болуы соншалықты маңызды. Амазон орманын ғаламшардың өкпесі дейтіні де содан. Себебі Амазония ағаштары Жер шарындағы оттегінің жартысын бөліп шығарады. Ауаның 20%-ын осы ормандағы өсімдіктер түзеді. Ал фармацевтикалық дәрі-дәрмектің 25%-ы осы өсімдіктерден әзірленеді. Орман алқабы 6,5 миллион шаршы шақырым жерді алып жатыр. Аталған аумақта 8 мемлекет орналасқан. Десе де, ғаламдық жылыну, құрғақшылық, өрт сияқты табиғи апаттар Амазон орманының 47%-іне қауіп төндіріп тұр.
ЦИТАТА:
Жаһандық жылынудың қазіргі траекториясын ескерсек, ормандарды кесу мен өрттің тікелей зақымдануынан Амазон ормандарының 47% -ына қауіп төніп тұр. Бұдан жер бетіндегі экожүйеге келер залал көп.
Никлас Бурс, Мюнхен Техникалық университетінің профессоры
Қытай шөл даланы гүлдендірді
Әлемде тал егуден Қытай көш бастап тұр. Былтыр 4 миллион 45 мың гектар аумаққа ағаш отырғызылған. Сондай-ақ 4,5 миллиондай гектар тозған аумақты қалпына келтіріп, 3 миллионға жуық гектар құмды және тастақ жерді талапқа сай өңдеген. Қытай билігі шөл даланың өзін жасыл желекке айналдыруды көздейді. Жалпы бұл елде орман алқабы 88 миллион гектарға жуықтайды. Осыдан екі жыл бұрын елде тал егу науқанын интернет арқылы үйлестіру жүйесі іске қосылып, қазір 8 мыңнан астам онлайн ағаш отырғызу тетігі жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ ел бойынша 212 қалада жасыл ғимараттар бой көтерді.
Ағаштың пайдасы көп
Адамзат әлі күнге дейін ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап тапқан жоқ. Ағаш ауаны тазартып қана қоймай, оны реттеп, шудың азаюына септігін тигізеді. Бірқатар елде көшелердегі көлік шуын бәсеңдету үшін тасжолдарға газон отырғызытаны да содан. Ыстықты, аязды басып, ылғалдылықты сақтап, жаңбыр жауғанда топырақтың құнарлығын сақтайды, дауылдың екпінін азайтады.Орманды жерде серуендейтін болсаңыз, өкпедегі газ алмасу үдерісі ынталанып, тыныс алу жақсарады. Ағаштан жиһаз, қорап, сіріңке, тақта, қаламсап және қарандаш жасалады. Тіпті ірі ағаштар су ағынын да реттеп отырады. Су тасқыны және басқа да табиғи апаттардың алдын алуына көмегін тигізеді.