Қызылжарда Наурызға арналған «Береке басы –Наурыз» атты жаңа форматтағы республикалық командалық айтыс басталды. Бұл жобаның авторы – Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының басқармасы. Ал жобаның алғашқы сайысын Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі, «Ерік Асқаров атындағы айтыс ақындары мектебі», «Amanat» партиясының облыстық бөлімшесі өткізуге атсалысты.
97 жастағы Қызылжар өңірінің абызы, Баян батырдың алтыншы ұрпағы Зейнолла Олжабаев ақсақал ашып берген бұл айтыстың ерекшелігі – мұнда сүре, түре, қыз бен жігіт, қайым айтысы түрлері насихатталып, жыршы-термешілер, әнші-күйшілер өнер көрсетті. Айтысқа Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының командалары шықты. Қазылар алқасының төрағасы, айтыстың ақтаңгері Жүрсін Ерманов, әйгілі жыршы Алмас Алматов, белгілі күйші Тұрар Әліпбаев, атақты әнші Айтбек Нығызбаев және ақындар Серік Қалиев пен Рига Онаева болды. Бұрын қазылар алқасына кәсібилер емес, жергілікті журналистер арасынан белгілі адамдар мен белсенді тұлғалар таңдалатын. Бұл жолы конкурсқа түскен әр өнерге осы саланың өз мамандары бағасын беріп, нағыз кәсіпқойлар саралады.
Сөз сайысын белгілі айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай жүргізіп отырды. Айтыстың жаңа форматы жұртты жалықтырмады. Алдымен әр команданың мүшелерін жас талаптар таныстырды. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан командасын 13 жастағы Сұлтан Жарқынұлы, ал ШҚО командасын 15 жастағы Бекболат Ерқұлан тілдері жеткенше көркемдікпен жеткізді. Қызылжарлықтардың капитаны – Сегіз сері атындағы халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі Қайырлы Ғафуров, ал алтайлықтардың басшысы белгілі ақын Серік Құсанбаев болды. Жас ұландар олардың өнердегі жетістіктерін талмай жеткізді.
Сүре айтысқа Солтүстік Қазақстан атынан белгілі ақын Жұмабек Рахимов, шығысқазақстандықтар атынан Ардабек Ақбабаұлы шықты. Екеуінің де өнері осал емес. Айшықты тіркестер екі жақтан да ағылып жатты. Соның ішінде Жұмабектің «Күн нұры мен Ай нұры шағылып, Есілім жатыр әне күліп ағып», десе Ардабек «Маржандай жырларымды мен төгейін, Жерінде Мағжандай марғасқаның» деген әдемі ұйқастар халықты тәнті етті. Бірақ Жұмабектің әскери адам екенін еске алған Ардабек жас сарбаздардың арасында болып жататын оғаш қылықтар туралы айтып, оның басын көтертпей тастады. Жұмабек бұл сынға қарсы тұщымды жауап таба алмай қалған кездері көп болды. Алайда қазылар алқасы екі ақынның өнерін тең деп бағалады.
Осыдан әрі айтыс пен басқа өнерлер араласып отырды. Солтүстіктер командасының мүшесі Мейрамгүл Здулина Ақжар өңіріне кең таралған «Айсары-Шорман» жырын әдемілеп орындап берді. Ал түбі тарбағатайлық Ауданбек Жұмабай қытай қазақтарының мақамымен мұңлы жыр төкті. Осыдан әрі қызылжарлық Хабдолла мен өскемендік Қуаныш Еркінұлы түре айтысқа шықты. Бұл айтыстың мәні қарсыластар бірінің айтқан ойын екіншісі жалғастырып, іліп әкетуге саяды. Бұл сайыста да екі жақ тең түсті.
Өнер кешінің ең үлкен жаңалығы күйшілер жарысы еді. Домбыраларынан адамның құлақ құрышын қандырған күй төгілген екі өнерпаз бірі бастаған күйді ортан белінен екіншісі жаңылмай жалғастырып отырды. Таңдаған күйлері де, орындау шеберліктері де тыңдармандарды шабыттандырды. Ең соңында екеуі қосылып «Адайды» аңыратқанда күй құдіретіне тәнті болған көрермендер орындарынан тұрып кете жаздады. Екі күйші де ең жоғарғы он ұпайдан алды.
Солтүстіктегі айтыстың туын көтеріп жүрген шебер ұйымдастырушы Жарқын Жұпархан мен Алтайдың ар жағынан келіп, Өскеменнің намысын қорғаған Гүлжан Ықылас қандасымыз қыз бен жігіт болып айтысты. Ұтымды әзілдер, орынды талаптар болғанымен, бұл екі ақын толық ашыла алмады. Жарқын солтүстіктің әсем көлдерін айтып, қандасымызға осында қал, Саумалкөлге, Кішкенекөл, Қайранкөлге, Мағжанның Сасықкөліне апарам дегеніне Гүлжан қазір олар қатып жатқанын айтып, «Мұзтаудан келген қызды Мұз үстінде ұйықтатайын деп пе едіңіз» деп Адамата мен Хауаның мұз үстіне кездескендерін меңзеп, жол тауып кетті... Қазылар екеуіне де бірдей баға қойды.
Айтыстың тағы бір түрі – қайым айтыс. Мұнда ақындар бірі бастаған жолдарға ұйқасты екіншісі мәнімен де, мазмұнымен де жалғастырып әкетуі керек. Қызылжарлық жас ақын Диас Аяған бүгінгі таңда айтыстың хас шеберіне айналған Серік Қуанғанға дес бермей, тең түсті.
Тең түсіп келе жатқан екі жақ командаларының жеңісін әншілердің өнері шешті. Осыған дейін Көкшетау қаласында өткен «Арқа әуендері» және Атырау қаласында өткен «Ән-дария» байқауларының бас жүлдегері, күміс көмей әнші қызылжарлық Біржан Есжанов қарсыласы Қуаныш Оралбаевқа дес бермей, бір ұпаймен жеңіп кетті. Осы бір ұпай екі жақ командаларының жеңімпазын анықтады. Сөйтіп, Солтүстік Қазақстан облысының командасы айтыстың келесі айналымына шығып, енді 15 сәуірде Астана қаласының командасымен сынға түседі.
Айтысқа қатысқан ақындардың бәріне 500 мыңнан, атсалысқан өнерпаздарға 250 мың теңгеден ақшалай сыйлық табысталды.
Петропавл