Current Date: 14-03-2025

Цифрлық сауаттылық жобасы

« Amanat » партиясының Орталық аппаратында азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру мен киберқауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Цифрлық қоғам» ауқымды жобасы таныстырылды.

Қазір ел тұрғындарының күн­де­лікті өмірінде цифр­­лық техно­ло­гиялар­дың кеңінен қолданы­луы интернет-алаяқтық пен кибер­қауіптердің көбеюіне әкелді. Жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелсе, оның 80 пайызы ашылмай қалып отыр. Осыған байланысты халықтың цифр­лық сауаттылығын арттыру өзекті мәселеге айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та балалардың цифрлық тәуелділігінің ар­туына алаңдаушылық біл­дірген болатын. «Amanat» партиясының ұйым­дас­тыруымен өткен барлық дең­гейдегі мәслихат депу­тат­тарының II респуб­лика­лық форумын­да Пре­зидент бала­лар­ға цифр­лық гигие­на­ның негізгі ережеле­рін үйретудің маңыз­дылығын атап өтіп, таны­мал әлеу­меттік желі­лердің тек бала­лар­ды ғана емес, ере­сек­терді де зомбиге айналдыруы мүмкін екенін ескерткен еді.

Осыған орай, «Amanat» партия­сы мем­лекеттік органдармен және сарап­шы­лармен бір­­лесіп, цифрлық сауат­ты­лықты да­мы­ту мен интер­нет­ті қауіпсіз пай­да­лану мә­де­ниетін қалып­тас­тыруға ба­ғытталған «Цифр­­лық қо­ғам» жобасын әзір­леді.

Та­нысты­ры­лым­да Мәжіліс төр­ағасының орын­­­­басары, «Amanat» пар­тия­­сы фрак­ция­сы­ның мү­шесі Аль­берт Рау еліміз цифр­­­ландыру дең­гейі бойын­ша әлемде озық мемлекеттер қатарында екенін атап өтті.

«Шынында да, біздегі цифрлық даму деңгейіне Еуропаның ең дамыған елдерінің өкілдері таңға­лып жатады. Алайда бұл үрдістің кері жағы да бар, ол – біздің қауіпсіздігіміз. Біздің басты міндетіміз – технологияларды енгізіп қана қоймай, адамдарды оларды қауіпсіз әрі саналы түрде қолдануға дағдыландыру. «Цифрлық санитария» деген ұғым бар. Біз IT компанияларға алғысымызды білдіреміз, олар өз бастамаларымен осындай жобаларды жүзеге асырып келеді. Алайда оларға біздің партиямыздың қолдауы қажет, өйткені біз ғана барлық тараптың күш-жігерін біріктіріп, кешенді «Цифрлық қоғам» жобасын құра аламыз», деді вице-спикер.

Ал «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Қазақстан цифрландыруда үлкен жетістіктерге жеткенімен, қоғам жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын айтып, осыған байланысты «Цифрлық қоғам» қанатқақты жобасын іске қосып отырғанын жеткізді.

ЮНИСЕФ деректеріне сәйкес, біздің балалардың 46%-ы интернетті 5-8 жас аралығында қолдана бастайды, ал олардың 37%-ы бос уақытының басым бөлігін желіде өткізеді. Бұл мәселені шешу үшін «Цифрлық қоғам» жобасы аясында балалар мен зейнеткерлерге арналған интерактивті білім беру курстарын ұйымдастыру, ата-аналармен кездесулер өткізу жоспарланған. Сондай-ақ мектептердегі қауіпсіздік сабақтарына «Киберқауіпсіздік» тақырыбы енгізілмек. Ал зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы оқыту курстары ұйымдастырылады. Сондай-ақ іс-шара барысында мемлекеттік органдар өкілдері мен сарапшылар да «Цифрлық қоғам» жобасына қатыс­ты өз ұсыныстарын ортаға салды.

Қайсар ҚҰСАЙЫН