Түркия заңсыз жолаушы тасымалына қарсы қатаң шаралар қабылдап жатыр.
Яғни билік таксилерге шүйлікті. Оған себеп те бар.
Жолаушыны көше бойынан мінгізе салатын таксилер қауіпсіздікке қарамайды. Жаңа заң жобасында тәртіп бұзғандар жүргізуші куәлігінен айрылуы мүмкін.
Түркияда біздегідей кез келген жүргізуші таксист бола алмайды. Жолаушы алып, нәпақа табу үшін сары түсті көлік пен «Т» әрпінен басталатын арнайы нөмір алуыңыз қажет. Ал бұл нөмірлердің саны бүкіл елде 100 мың ғана. Такси қызметіне арналған нөмірлердің бағасы да темір тұлпар құнынан аспаса, төмен емес. Тіпті ірі қалаларда сату бағасы 90 миллион теңгеден жоғары. Осы себепті сары такси жүргізушілері кез келген көлік пен жүргізушінің такси қызметін көрсетуін қолдамайды. Айтуларынша, жолаушы тасымалдау үшін арнайы даярлықтан өту қажет.
Ильхан Акар, жүргізуші:
- Менің ойымша, заңсыз тасымалға қарсы заң өте қисынды шешім. Қазірдің өзінде заңсыз такси қызметін көрсетушілер баршылық. Оларды бақылау керек. Біз бұл салада жастайымыздан еңбек етіп келеміз. Бұл біздің кәсібіміз және оны үлкен жауапкершілікпен атқарамыз. Мемлекетіміз бұл саланы реттеуді жалғастыруы тиіс. Мысалы біз осы таксиге қаншама қаражат жұмсадық. Ал енді кез келген жүргізуші такси қызметін көрсетсе, біздің олардан артықшылығымыз қайсы?
Көлеңкелі таксистер ресми көлік компанияларының қызметіне айтарлықтай зиян келтіріп, жолаушылардың қауіпсіздігіне де қатер төндіреді. Себебі олардың көпшілігі даярлықтан өтпеген, бақылаусыз жұмыс істейді. Жаңа заң қоғам пікірін қақ жарды. Бірі баламалы такси қажет десе, сары түсті такси жүргізушілері парламенттің ұсынысын қолдап отыр.
Мұхаммер Дағадеврен, жүргізуші:
- Заңсыз такси қызметі керек емес. Жаңа заңды біз қуана қолдаймыз. Өйткені біз заңды түрде жұмыс істейміз. Мен осы салада 30 жылдан бері жүрмін. Біз бар күшімізді салып, қызметімізді адал атқарып, күн көреміз. Үкіметімізден осы салаға қолдау көрсетуін күтеміз. Сондықтан заңсыз такси қызметіне «жоқ» деп айтамыз.
Мұстафа Энес Өзчелик, қала тұрғыны:
- Баламалы көлік қызметі экономикалық тұрғыдан да, уақытты үнемдеу жағынан да тиімді. Қапелімде такси табу қиын, ал баламалы такси шақыру әлдеқайда ыңғайлы әрі жылдамырақ. Бағасы да арзанырақ болуы мүмкін. Арнайы қосымша арқылы шақырғандықтан нақты бағытты таңдап тіпті оны өзгертсең де еш мәселе болмайды.
Бұған дейін заң бұзғандар айыппұл төлеп, 60 күнге дейін көлігін пайдалана алмайтын. Бірақ мұндай шаралар жекелеген тасымалдаушыларға әсер ете қойған жоқ. Ал жаңа ережеге сәйкес, Түркияда заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын жүргізушілер, жергілікті жұрттың тілімен айтқанда «такси қарақшылары» бұдан былай жүргізуші куәлігінен айырылады. Билік өкілдері бұл шаралар жолаушылар тасымалы нарығын ретке келтіріп, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді дейді.