Current Date: 19-03-2025

Мопедті тіркеу мерзімі 5 сәуірде аяқталады - ІІМ

ІІМ мопедтерді 5 сәуірге дейін тіркеп үлгеру қажеттігін, яғни, 2 аптадай ғана уақыт қалғанын ескертті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Polisia.kz сайтында хабарланғандай, департамент бастығы — ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, Заң бойынша 5 сәуірден кейін тіркелмеген мопедті басқаруға тыйым салынады. Мұндай құқық бұзушылық анықталған жағдайда Әкімшілік кодекстің 590-бабының 2-бөлігіне сәйкес жауапкершілік көзделеді. Бүгінде республика бойынша 8527 мопед тіркеліп отыр.

«Оны тіркеу үшін тұрғылықты жері бойынша арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Өзіңізбен бірге келесі құжаттарды алу керек: жеке басты куәландыратын құжат, электронды түрі де жарайды, техникалық құжат немесе мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер. Өтінішті толтырып, мопедті тексеруден өткізіп, көлік құралын тіркеу, тіркеу туралы куәлік және мемлекеттік нөмір алу үшін мемлекеттік баждарды төлеу қажет. Тіркеуді кейінге қалдырмаңыздар! Өзіңіз үшін «жағымсыз салдардан» аулақ болу үшін мопедті заң талаптарына сәйкес келтіргеніңіз дұрыс», деді Ш.Алекешев.