Current Date: 04-05-2025

Ақтөбеде «Алтыбақан» ойын-сауық кеші өтіп жатыр. LIVE

Ақтөбеде алтыбақан кеші өтіп жатыр. Орталық алаңға жиылған бозбалалар мен бойжеткендер ұлттық ойындарды ойнап, халық дәстүрін жаңғыртып жатыр. Қыз-жігіттер «Сақина салып», «Орамал тастап» ымырт үйіріле «Ақсүйек» іздейді.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Міне, ауыл мен ауыл жүздесіп, ел ағалары табалдырықтан аттағалы тұрған жыл басымен құттықтап, жеңгейлер қыстан сақтаған сүрді қазанға салған сәтте бозбала мен бойжеткендер сағына қауышып, алтыбақан маңында бас қосып жатыр. Жастар кеші сал-серілердің әуезді әнімен басталып, түн ауғанша думанға ұласқан. Бүгін орталық алаңда сол ежелден ел ішінде қалыптасқан дәстүр қайта жаңғырды. Анау бір топ «Сақина салу» ойынын қызықтаса, жастар «Орамал тастау» ойынына қызу кірісіп кетті.

Алтыбақан аясына жиналған жастар әуезді ән тыңдап та қайтады. Кешке өңірге танымал жезтаңдай әншілер келген. Алаңда халқымыздың ырысы мен молшылығы, қазынасы мен құтының белгісіне айналған Тайқазанның көшірмесі де бар. Жиналғандар орта ғасырлық шеберлердің бірегей туындысының тарихымен таныса алады. Қара қазанда піскен наурыз көжеден дәм татуға болады. Дегенмен жастардың дені қараңғы қоюлана түскенін асыға күтіп жүр. Себебі жүргізуші «Ақсүйек» жасырып, тапқан жанға бағалы сыйлықтардың бар екенін айтқан. «Жаңару күнінде» өскелең ұрпаққа арнап ұйымдастырылған кеш осылайша өтіп жатыр.