Current Date: 19-03-2025

Түркиядағы тергеу: 106 күдіктіге қатысты қамауға алу ордері шығарылды

Бүгін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның басты саяси қарсыласы Ыстанбұл қаласының мэрі Экрем Имамоглу мен оның баспасөз кеңесшісі Мұрат Онгун арнайы операция кезінде тұтқындалған еді. Іске қатысты барлығы 100 адам күдікті ретінде тергеліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркияның ресми өкілдігінің хабарлауынша, Ыстанбұл Бас прокуратурасы жүргізіп отырған тергеу аясында бүгін таңертең 106 күдіктіге, соның ішінде Ыстанбұл муниципалитетінің әкіміне қамауға алу туралы ордер берілді. Бұған байланысты Ыстанбұл Бас прокуратурасы екі түрлі тергеу жүргізіп жатыр.

Біріншісі – терроризм қылмыстарын тергеу бюросы тарапынан жүргізіліп жатқаны хабарланды. Бұл тергеу аясында муниципалитет басшысы да бар 7 адамды қамауға алу туралы ордер шығарылды. Тергеу барысында күдіктілер террористік ұйымға көмектесті деген айып тағылып отыр.

Екіншісі – ұйымдасқан қылмысты тергеу бюросы тарапынан жүргізіліп жатыр. Бұл тергеу аясында муниципалитет басшысын қоса алғанда 100 күдіктіге қамауға алу туралы ордер берілді. Оларға пара алу, бопсалау, тендерге қатысты сөз байласу, алаяқтық және қылмыстық ұйым арқылы пайда табу мақсатында жеке деректерді заңсыз иемдену секілді қылмыстар жасады деген айып тағылып отыр. Екі тергеудің нәтижесінде барлығы 106 күдіктіге қатысты қамауға алу ордері шығарылды.

Ыстанбұл Бас прокуратурасының мәлімдемесіне сәйкес, тергеу материалдарында MASAK (Қаржылық қадағалау агенттігі) есептері, салық сараптамалары, депозиттер туралы есептер, куәгерлердің айғақтары және өзге де дәлелдер қамтылған. Тергеу барлық қырынан мұқият әрі егжей-тегжейлі жүргізілуде екенін хабарлаған.

«Түркия Республикасы – құқықтық мемлекет. Біздің Конституциямыздың 9-бабы өте анық:

Сот билігі тәуелсіз және бейтарап соттар арқылы түрік ұлтының атынан жүзеге асырылады. Барлығы заң алдында тең, ешкімге немесе ешбір топқа артықшылық берілмейді. Конституцияның 138-бабына сәйкес, соттар тәуелсіз. Ешбір орган, мекеме, тұлға немесе инстанция сот билігін жүзеге асыратын судьяларға бұйрық немесе нұсқау бере алмайды, циркуляр жібере алмайды, кеңес немесе ұсыныс жасай алмайды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 157-бабына сәйкес, тергеу процесі құпияға жатады», дейді Қазақстандағы Түркия елшісінің ресми өкілі Махмут Байрам. Оның айтуынша, бұл құпиялылық – әділ сот жүргізу, адам құқықтарының бұзылмауы, кінәсіздік презумпциясын сақтау және абырой мен қадір-қасиетті қорғау үшін өте маңызды. Айыптаулар мен дәлелдерді білмей жатып, басталған тергеуге баға беру дұрыс емес.

Сондықтан тәуелсіз және бейтарап сот органдары жүргізіп отырған тергеулерге саяси сипат беріп, оларды «мемлекеттік төңкеріс» деп атау – өте қауіпті және орынсыз. Сонымен қатар, тергеулерге қатысты жалған ақпарат тарату, халықты адастыратын көше акцияларын ұйымдастыру дұрыс еместігін де жеткізді.

Сонымен бірге ресми өкіл құқықтық әділдікке қол жеткізу үшін эмоцияға берілмей, сабырмен әрекет етуіміз қажеттігін жеткізген. Бұл орайда тергеу барысында тағылған айыптар, қорғау дәлелдері және дәлелдемелер мұқият қарастырылмақ. Тергеу құпиясы алынған соң, қоғам бар шындықты айқын әрі ашық түрде көреді.