Облыста «TazaLike» акциясы басталды. Айналаны жасыл желекпен көмкеру мақсатында қолға алынған акцияға өңір басшысы Ербол Қарашөкеев қатысып , облыс орталығы Тараз қаласында өткен іс-шараға қолдау көрсетті.
Қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылатын акция «Бәйтерек» шағын ауданындағы №3 мектеп-лицейден бастау алды. Мұнда облыс басшысы лицей оқушыларымен бірге 150 көшет отырғызды.
«TazaLike» акциясы содан соң еліміздегі ең ірі шағын аудан санатына енген «Ұлы дала» ықшам ауданында жалғасты. Жаңа ықшам аудандағы іс-шараға облыстық, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, мәслихат депутаттары, зиялы қауым, құқық қорғау органдарының өкілдері, спортшылар мен белсенді жастар қатысты. Ресми деректерге сүйенсек, «Ұлы дала» шағын ауданында 500 дана көшет егілді.
Өңірде бастау алған «TazaLike» акциясы «Таза қала» іс-шарасына ұласты. Тараз, Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларының тұрғындары күл-қоқыстарды шығарып, арық-атыздар мен каналдарды қоқыстан тазартты.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі келтірген дерекке жүгінсек, 20, 27 наурыз күндері «Бүкіл қазақстандық ағаш отырғызу», «Жасыл қала», «Қалаға арналған ағаш» акциялары ұйымдастырылады. Іс-шара барысында өңірдің барлық аудандарында жаппай көшет отырғызу ісі қолға алынбақ. 15 наурызда басталған «TazaLike» акциясы 20 сәуірге дейін жалғасады. Оған өңірдің барлық ауданы үлес қосады. Нәтижесінде, 7 мыңнан аса көшет отырғызылады.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында биыл ауқымды жұмыстар атқарылады. Өңірде көгалдандыру жұмысына 1,2 млрд теңге қаржы қарастырылған.
«Облыс орталығы Тараз қаласында «Jambyl Cement» компаниясының ықпал етуімен 3,6 мың, «Тараз металлургиялық зауыты» ұжымының қолдауымен 10 мың, «Qazaq soda» компаниясының атсалысуымен 27 мың көшет отырғызу жоспарланған», дейді облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек.
Өңірдегі көгалдандыру жұмыстары ілкі сәтке де тоқтамақ емес. Биыл Тараз қаласы мен аудандарда 195 мың көшет отырғызу жоспарланған. Сондай-ақ егілген көшеттерді цифрландыру жұмысы да жоспарға сай жүзеге асырылып жатыр.
«Бүгінге дейін «Болашақты бірге отырғызамыз» акциясын өткізіп үлгердік. Нәтижесінде, 28,9 мың көшет егілді. Оған 381 мектептің 47,8 мың білім алушысы атсалысты. Алдағы уақытта «Үлгілі ауыл», «Үлгілі аула» байқаулары ұйымдастырылады. Осылайша, тұрғындарды көшет отырғызуға ынталандырамыз», дейді облыс әкімінің орынбасары.
Жамбыл облысы