Current Date: 23-03-2025

Ақбота Керімбекова Нұрғали Нүсіпжановқа қатысты халыққа үндеу жасады

Ақбота Керімбекова 80 жастағы Нұрғали Нүсіпжановты құттықтап, халықты мерейтойға шақырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ел сүйіктісі Нұрғали Нүсіпжанов 80 жасқа толды. Мерейлі күнге орай танымал әнші Ақбота Керімбекова арнайы видеоүндеу жасап, өнер майталманын құттықтап, алдағы өтетін мерекелік шараға бүкіл халықты шақырды.

Мерекеңіз құтты болсын! Көкеміздің сахнада жүргеніне 70 жыл! Бұл – тек бір адамның емес, бүкіл қазақ өнерінің тойы. Баршаңызды мерейтойға шақырамыз. Алда үлкен той! Құдай сізге күш-қуат, денсаулық берсін! Мұндай аңыз адамдар – халқымыздың байлығы, – деді ол.

Алайда әлеуметтік желіде кейбір қолданушылар әншінің сырт келбетіне қатысты түрлі пікірлер қалдырып, қызу талқы жүргізуде.

«Ағамыз манекен сияқты боп қалыпты», – десе, енді бірі: «Жас жар алған соң, бет әлпетін жасартқан болар, – деген сыни көзқарастар білдірді.

Дегенмен, көпшілік Нүсіпжановтың өнер жолындағы ерен еңбегін жоғары бағалап, мерейтой иесіне ұзақ ғұмыр мен мықты денсаулық тілеп жатыр.

Айта кетейік, Нұрғали Нүсіпжанов – қазақ музыка өнерінің көрнекті өкілі. Сахнада 70 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан өнер иесі бірнеше буын тыңдарманның жүрегінен орын алған.