Current Date: 24-03-2025

Президент Халықаралық олимпиада комитетінің жаңа сайланған президентін құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кирсти Ковентриге Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті болып сайлануына орай құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан Президенті Зимбабве өкілінің спорттағы айтулы жетістіктерін және мемлекеттік қызметтегі бай тәжірибесін атап өтіп, оның халықаралық олимпиада қозғалысын дамытудағы қызметіне сәттілік тіледі», — делінген хабарламада.

Айта кетсек, Кирсти Ковентри 2013 жылы сайланған және 2021 жылы қайта сайланған Томас Бахтың орнына келді. Томас Бах 49 дауыс алса, Кирсти Ковентри 97 дауыспен көпшілік қолдауына ие болды.

Жаңа сайланған президент 2025 жылдың 23 маусымында Томас Бах өкілеттігін тапсырған соң қызметіне кіріседі. Сол кезге дейін қызметін атқара беретін Бах өкілеттігін өткізіп бергеннен кейін ХОК мүшесі ретіндегі қызметінен де кетіп, құрметті президент атанады.

Кирсти Ковентри — әлемдік жүзу спортының аңызы, жеті бірдей Олимпиада медалінің иегері. Ол өз елінің атын шығарып қана қоймай, спортты саяси мансабының бір бөлігіне айналдыра білді. Ол Зимбабве спорт министрлігін басқарды, ХОК-да жұмыс істеді және қазір халықаралық ұйымды басқаратын алғашқы әйел атанды.