Current Date: 25-03-2025

Алматыда 6 метрлік көшеттер отырғызыла бастады

Алматыда ағаш егу науқаны қызу жүріп жатыр.

Алдағы 5 жылда 2,5 миллион жасыл желекті жерсіндіру жоспарда бар. Биыл қала әкімдігі ірі көшеттерге ден қойып, биіктігі алты метр болатын 27 мың көшет егеді. Оның тиімділігі неде? Қаншалықты тез жерсінеді? Жалпы Алматы тұрғындары қандай ағаш еккенді жөн көреді?

Көгалдандыру саласының маманы Ақбота Мырзалиева 20 жылдан бері жасыл желек түрлерін өсіріп келеді. Оның айтуынша, Алматыдағы ағаштардың 40 пайызы қарағаш. Қарағашқа зиянкес тисе қала экологиясына нұқсан келуі мүмкін,-дейді маман. Алматы топырағын қайың, шырша, қарағай мен жөке де жатсынбайды. Сондықтан олардың түрлерін көбейткен жөн. Ақбота Мырзалиева алматылықтар жиі сатып алатын ағаш түрлерін де айтып берді.

Ақбота Мырзалиева, Қазақстан көгалдандырушылар қауымдастығының мүшесі:

- Жеке үйлері бар адамдар тапал әрі сәнді ағаштарды жөн көреді. Мысалы, ауланы әрлеу үшін сәнделген жөке, катальпа, жеміс ағаштары және декоративті бұталар бар. Сондай-ақ гүлдейтін бұталардан гортензиялар жақсы өтеді. Ыстықта күнге күйіп кетуі мүмкін, бірақ соған қарамастан әйелдер арасында үлкен сұранысқа ие.

Қалада «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында 1 наурыз бен 1 сәуір аралығында 5000 ағаш егіледі. Биіктігі 6 метрден асатын үйеңкі, қарағаш пен қайыңның көшеттері қазір әл-Фараби даңғылы, Бұқтырма көшесі мен Қарасу шағын ауданындағы саябаққа отырғызылуда.

Мейіржан Бағатиев, экология және қоршаған орта басқармасы жасыл қорды басқару бөлімінің бас маманы:

- Қаланың магистральды көшелерінде және де саябақтар мен скверлерде егіледі. Алматыда жасыл желектерді суару мәселесі тамшылатып суару жүйесіне көшірілді. 2024 жылы 110 км тамшылатып суару жүйесі жүргізілді және осы 2025 жылы 120 км жуық тамшылап суландыру жүйесін орнату жоспарлануда.

Биік көшеттер сәуір айында қаланың басқа да ірі көшелері мен саябақтарына отырғызылады. Тез бейімделу үшін тек сауару аздық етеді. Сондықтан ғалымдардың ұсынысымен жазда да, күзгі-қысқы кезеңде де қажетті минералды тыңайтқыштар себіледі.

Нұржан Мұхамадиев, қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ бөлім меңгерушісі:

- 6-7 метрлік көшеттерді отырғызу әрине бірден жақсы, ол бірден ауланы өзгертеді, көзқарас та өзгереді. Өйткені жасыл желек үлкен бір ағаш болып келеді, мысалы бірден орнына да, бос орындарды толтырады. Бірақ олар үлкен, бойы биік ағаштарды отырғызғанда көптеген тыңайтқыш, күтім, баптау жұмысын өте көп қажет етеді.

Қалада кәрі ағаштар да аз емес. Биыл тиісті зерттеуден кейін 17 мыңға жуық қураған ағаш кесіледі.

Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев, Әбен Нарымбаев