Current Date: 26-03-2025

«Өлім бизнесі өршіп тұр»: Молдалар ауызашардан ақша тапқанмен салық төлемейді

Ауызашар молдалардың бизнесі, алайда тапқан табыстан имамдар салық төлемейді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы .

Үлкен мешіттердің жанында асхана бар. Бұрын бұл асханаларды тамақ бизнесінің қыр-сырын жетік білетін кәсіпкерлер жалға алатын. Олар заңды тұлға ретінде тіркеліп, салық төлейтін, санитарлық міндеттемені орындайтын.

«Екі-үш жылдан бері молдалар кәсіпкерлерді мешіттен қуып шықты да, асханаларды өздерінің туыстарына беріп қойды. Мешіт – ғибадат орыны, сондықтан ол жерден салық алынбайды, бірақ асхана – коммерциялық нысан — салық төлеуі тиіс. Мешіт имамдары қарамағындағы осындай коммерциялық қызметтен түсетін пайдадан салық төлемей жалтарып жүр. Бұл мәселенің бір жағы ғана ...», — деп жазды қоғам белсіндісі Ораз Әлімбек.

Оның айтуынша, мешіт асханасынан түсетін пайда ораза айында еселеп көбейеді. Алайда ол бизнесті билік тарапынан бақылап жатқан жан жоқ

«Мысалы, «О» деп аталатын мешіт күн сайын «200 адамға ауызашар береміз, бір адамға ауыз аштыру құны 5 мың теңге» деп жарнама-мәлімдеме таратады. Сол жарнамамен оразаның алдында мешітке келген «А» есімді кәсіпкер «менің атымнан 10 мәрте ауызашар беріңіз» деп 10 млн теңге қалдырады. Оразаның бірінші күні «Б» есімді «Құдайға қараған» тағы бір кәсіпкер «20 мәрте ауызашар беріңіз» дейді. Бұл ақшаға «О» мешіті 30 күн ауызашар беруіне болады, бірақ одан кейін «7 күн ауызашар беріңіз» деп келген «Ғ» есімді азаматқа жағдайды түсіндіріп жатпайды, оның да ақшасын қағып алады, тағы біреу келеді,.. оның да «бетін қайтармайды»... Қысқартып айтсақ, «О» мешіті ораза айында 200 адамды жарты жыл тамақтандыратын ақша жиып алады», — деді ол.

Оның сөзінше, мешіттегі кафе-асханалардың бизнесінен муфтият пайдаға кенеліп келеді. Өлімнен табыс табудың өршіп кеткенін депутаттар парламентте де көтерген. Алайда муфтият бұл сұрақтың жауабын жылы жауып қойды.

«Мен мұны ойымнан шығарған жоқпын. Екі жыл бұрын мешіт асханасынан қуылған 4 кәсіпкер маған осындай жайтты айтып арызданған. Өткенде Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Астанадағы екі үлкен мешіттің асхана-кафесінде марқұмға арнап құдайы ас берудің өте қымбат — адам басына 20 мың теңге екенін айтып, «жағасын ұстаған». Депутатттың сөзі шолақ болмасыншы деп, мүфтият маңында жүрген құпия дереккөзімнен сұрағам ғой: «Астанадағы «өлім бизнесінің» бағасын аспандатып отырған кім?» деп. Дереккөз «Астанадағы "өлім бизнесінің» меңгерушісі — мүфтидің әйелі» деген. Бірақ мүфтият депутат көтерген мәселенің мән-жайын халыққа түсіндірмеді. Ауызашарда ақша жасауға қатысты да жауап бермейтін шығар», — деді қоғам белсендісі.