Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа қоқыс полигондарына байланысты ескерту жасады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет басшысы қоқыс полигондарын экологиялық нормаларға сәйкес келтіру мәселесі бойынша Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.
Отырыс барысында Бектенов елдегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жағдайы туралы сұрады.
"Полигондар бойынша жағдай қандай? Менде бар ақпаратқа сәйкес полигондардың 20 пайызы ғана белгіленген талаптарға сай келеді", — деді Бектенов.
Нысанбаевтың айтуынша, былтыр Үкімет 100 жаңа полигон салуды көздейтін арнайы іс-шаралар жоспарын бекіткен. Алайда бүгінде әкімдіктер олардың тек 7-еуін пайдалануға берген.
"23 полигон бойынша құжат әзірленді, 18 полигон бойынша құжат әзірленіп жатыр. Қалған 52 полигон бойынша әкімдіктер, өңірлер жұмыс істеп жатқан жоқ, олар осы жұмысқа кірісуге тиіс. Полигондардың талаптарға сай келмейтін негізгі бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан", — деді министр.
Нысанбаевтың айтуынша, полигондардың Экологиялық кодекске сәйкес келмеуінің басты себебі қалалар мен ауылдық елді мекендерге қойылатын талаптар бірдей болуында, бірақ мұны ауылдық жерлерде орындау айтарлықтай шығындарды талап етеді.
"Сондықтан қазір Экологиялық кодекстегі талаптарды жеңілдету мәселесі қарастырылып жатыр", — деп түйіндеді ол.
Үкімет басшысы қабылданған шараларға қарамастан, бұл бағыттағы жұмыс өте баяу жүріп жатқанын жеткізді.
"Министрлік әкімдіктердің жұмысын тиімді үйлестіруі қажет. Бұл мәселеде министрлік тарапынан белсенді ұстаным талап етіледі. Алайда қазір оны байқап отырған жоқпыз", — деді Бектенов.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!