Current Date: 29-03-2025

Жетісуда қант қызылшасының алқабы қысқарды

Жетісу облысында қант қызылшасының алқабы 1500 гектарға қысқарды.

Жүгері және бидай егістігінің көлемі де азайған. Аталған дақылдардың орнына күнбағыс, майбұршақ, арпа және көкөніс егіледі. Қазір аймақта көктемгі дала жұмыстары басталды. Науқанды ойдағыдай өткізу үшін 5,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінеді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын дамытуға 40 млрд теңге жұмсалады. Қаражаттың жартысынан астамы қожалықтарға субсидия ретінде беріледі. Биыл тәтті түбір өсіруге төленетін қаржы көлемі өзгеріссіз қалды. Яғни қант қызылшасының әр тоннасына мемлекеттен 25 мың теңге ал, зауыттан 15 мың теңге аударылады. Айта кетейік, былтыр өңірдегі 13,700 гектарға қызылша егілген еді.

Бақтияр Шампиков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- 12,2 мың гектар жерден біз 550 мың тонна өнім алуды жоспарлап отырмыз. Бұған қажетті тұқым көлемі жеткізілуде. Бұл көлем өзіміздің облыстағы екі қант зауытының қуаттылығына ескеріліп егілетін көлем болады. Себебі екі қант зауытымыз толық қуатына жетті.