Жеңістің 80 жылдығына дайындық басталып кетті, еліміздің түрлі аймақтарындағы әскерилер елордаға жиналады.
Құрлық әскерлері "Батыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты теңіз жаяу әскері бригадасының іріктеуден өткен 170-тен астам әскери қызметшісі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа қатысады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, "Қазақ елі" алаңында өтетін шеруде Ақтау гарнизонында қызмет өткеріп жатқан офицерлер, сержанттар және мерзімді қызметтің 160 сарбазы салтанатты сап түземек.
"Парадқа қатысушылар бар жағынан мұқият іріктеуден өтті. Бұл біз үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік. Өйткені, әскери шеру – бейбітшілік үшін өз жандарын құрбан еткен батырларға деген құрмет", – деп атап өтті теңіз жаяу әскері бригадасы командирінің жауынгерлік және дене шынықтыру даярлығы жөніндегі орынбасары майор Берік Алманиязов.
Айта кету керек, Жеңіс шеруіне биыл Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың 4000-нан аса әскери қызметшісі қатысады.
Оның ішінде 200-ден астам әскери қызметші әйел бар. Парадқа 200-ден аса әскери техника мен авиация қатысады.