Current Date: 30-03-2025

Олжас Бектенов Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды

Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды 24KZ. Оның аясында Үкімет басшысы «KAZ Minerals Bozshakol» және Қазақстанның вагон жасау компаниясының жұмысымен танысты.

Ондағы цифрландыру үдерісінің жүзеге асу барысын бақылады. Мәселен, «Бозшакөл» мыс кеніші алаңында жаңа сандық технологиялар қолданылып жатыр. Зауыт жылына 30 млн тонна кен өңдейді. Ал дайын өнімдер Қытай, Түркия, Өзбекстан мен Бельгияға экспортталады. Кәсіпорын Мемлекет басшысы бастамашы болған «Жұмысшы мамандықтары жылында» 200-ден астам студентті ақылы тағылымдамадан өткізеді. Ал Екібастұздағы «Қазақстанның вагон жасау компаниясы» құрылғалы бері 9 мыңнан астам жартылай вагон, 26 платформа және 2 жабық вагон шығарылған. Өндірістік қуаты айына 100-ден 240 вагонға дейін артты. Олжас Бектенов транзит пен логистикада орасан зор әрі толық ашылмаған әлеуетке ие екенімізді айтты. Ішкі өндірісті одан әрі ынталандыру қажеттігін жеткізді.