Бас прокуратура еліміздің футбол федерациясы мен бірнеше футбол клубтарына жүргізілген прокурорлық тексеру нәтижесінде басқарудағы тиімсіздік пен 3 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ведомствоның мәліметінше, негізгі бұзушылықтар қатарында негізсіз сыйақылар төлеу, инфрақұрылым объектілерін салу кезінде қаражатты мақсатсыз пайдалану, спортшылармен жасалған күмәнді келісімдер және спортшыларды тамақтандыруға бөлінген қаржыны жымқыру фактілері бар.
«Атап айтқанда, Федерацияның бұрынғы басшылығы жекелеген қызметкерлер мен спортшыларға 300 млн теңгеден астам сомада негізсіз сыйақы төлеген. Федерацияның әкімшілік ғимараты мен Талғар қаласындағы жаттығу базасын салу барысында іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға 350 млн теңгеден аса төлемдер жасалған. 2021 жылы басталған Алматы облысындағы база құрылысы тоқтап тұр, ал мердігердің шоттары бұғатталған», делінген хабарламада.
Сонымен қатар 135 млн теңге стратегиялық құжаттар мен стандарттарды әзірлеуге бөлінген қаражаттың орынды жұмсалуы күмән тудырған. Бұл құжаттарда нақты іске асыру тетіктері, оның ішінде жеке инвестицияларды тарту жолдары көрсетілмеген, ал клубтарды басқару стандарты іс жүзінде енгізілмеген.
«Ордабасы», «Ақтөбе» және «Жетісу» футбол клубтарындағы тексерулер де келісімшарт сомаларын асырып көрсету, ойыншыларды төмен бағамен сату, жоғары бағамен сатып алу және қаражат жымқыру сияқты бірқатар елеулі бұзушылықтар анықталған.
Айта кетейік, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталып, Футбол федерациясының бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс тергеп-тексеру жүргізу үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне берілген.