Current Date: 14-03-2025

3 министр, 8 вице-министр: елімізде мемлекеттік қызметтегі басшылық лауазымда әйелдердің үлесі қандай

Қазақстанда мемлекеттік қызметтегі басшылық лауазымдардың 39 пайызын әйелдер атқарады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, парламент пен мәслихаттардағы әйелдер үлесі артқан.

Қазіргі кезде парламентте 28 әйел депутат бар, бұл жалпы депутаттар санының 18,9 пайызы. Мәслихаттарда әйелдердің үлесі – 22,7 пайызға жетті.

21 министрлікте, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және ақпарат министрліктерінде 3 әйел министр, 8 вице-министр, 3 аппарат басшысы бар. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы президентіне тікелей бағынышты және есеп беретін 14 мемлекеттік органда 6 әйел басшылық қызметте отыр. Ел бойынша судья әйелдердің жалпы саны – 1 248 адам (53 пайыз).

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55,8 пайызға жетті. Басшылық лауазымдардағы әйелдердің жалпы үлесі – 39,1 пайыз болды.

Сонымен қатар үкімет әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға көп көңіл бөліп отыр. Шағын және орта бизнес иелерінің құрылымында әйел кәсіпкерлердің үлесі 48 пайызға жетті.

Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында бірқатар бағдарламалар іске асып жатыр. Мәселен "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры қызмет еткен кезең ішінде 4,1 млрд теңге көлемінде 105 мыңнан астам әйелдің жобасына қолдау көрсетті.

Бүгінде әйелдердің тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған арнайы бағдарламалар бар. "Отбасы банк" пен Азия даму банкі бірлесіп, "Ұмай" ипотекалық бағдарламасын іске қосты. Үш жыл ішінде бұл бағдарлама 3 660 қазақстандық әйелге баспана сатып алуға көмектесті. Жалпы несие көлемі – 41,2 млрд теңге. Сондай-ақ асыраушысынан айырылған әйелдер де енді мемлекеттік тұрғын үй алу кезегіне жеке санат ретінде енгізілетін болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі Қазақстанда білім беру саласында қанша педагог-әйел жұмыс істейтіні туралы мәліметті жариялаған еді.